Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Бөлмесіне сүйреп апарып, тығып қойған": Қызылордадағы студенттің өліміне қатысты тың дерек шықты

"Бөлмесіне сүйреп апарып, тығып қойған": Қызылордадағы студенттің өліміне қатысты тың дерек шықты
Сурет: видеодан скриншот
Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бір студент қамауға алынған.

Қызылордадағы Болашақ жоғары медициналық колледжінің жатақханасында 1-курс студенті Нұрдәулет Мырзалының өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Марқұмның ата-анасы 16 жастағы ұлдарының әлімжеттіктің құрбаны болғанына сенімді.

Фельдшер мамандығында оқып жүрген Нұрдәулет Мырзалы жатақханада көз жұмған. Туыстарының айтуынша, оны түнгі уақытта жоғары курс студенттері жабылып ұрып-соққан. Қайғыдан қан жұтқан отбасы колледждегі бақылаудың әлсіз болғанына және қызметкерлердің салғырттығына наразы.

Марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаевтың сөзінше, жоғарғы курс студенттері кіші курстағыларды жатақхананың фитнес залына апарып, қысым көрсетіп жүрген. Оның айтуынша, Нұрдәулетке дер кезінде жедел жәрдем шақырылмаған.

«Сол жерде ұрған жерде кеткен ғой бала. Олар жедел жәрдемді уақытында шақырмаған. Мүмкін үлгеріп қалар ма еді. Кейін баланы өз бөлмесіне апарып қойған», – дейді ол.

Ал марқұмның әпкесі Римма Елеусізова студенттердің болған жайтты жасыруға тырысқанын айтады.

«Подвалдан екінші қабаттағы бөлмесіне сүйреп алып бара жатқанын біреу көріп қалған. Кейін бөлмесіне тығып қойған. Осындай жағдай бұрын да болғанын естіп жатырмыз», – деді ол.

Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бір студент қамауға алынған. Қызылорда облысының полиция департаменті істі «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша тергеп жатыр.

Ал колледж әкімшілігі бірнеше қызметкердің жұмыстан босатылғанын және қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Колледж ішінде де, сырттан да тексеру жүріп жатыр. Бірқатар адам жауапқа тартылуда. Студенттер “мұндай жағдай болады деп ойламадық” деп түсініктеме берді», – деді колледж директорының орынбасары Гүлмира Өтеулиева.

Марқұмның туыстары оқиғаға қатысы бар барлық студент пен қауіпсіздікке жауапты қызметкерлер заң алдында жауап беруі керек деп санайды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар