Алматыдағы клиникада липосакция жасатқан блогер қайтыс болды: марқұмның қызы дәрігерлерді кінәлады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:02
- 129
Алматыда Smart Beauty Clinic клиникасында жасалған липосакциядан кейін 53 жастағы блогер әрі кәсіпкер Сауле Ермаханова көз жұмды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
HALYQSTAN Telegram арнасы танымал блогер әрі кәсіпкер Алматыдағы Smart Beauty Clinic клиникасында пластикалық операция кезінде жүрек талмасынан қайтыс болғанын хабарлады. Бұл ақпаратты марқұмның қызы растады.
Алдия анасының өлімі туралы туыстарына операциядан үш сағаттан кейін ғана хабарланғанын айтады.
"2026 жылғы 15 мамырда анамыз Сауле Ермаханова Алматыдағы Smart Beauty Clinic жеке клиникасында көз жұмды. Бір жарым сағатқа созылуы тиіс жергілікті анестезиямен жасалатын жоспарлы операция липосакция — отбасымыз үшін орны толмас қайғыға айналды.
Бір сағат. Бір жарым. Екі, үш сағат өтті. Сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді. Тек үнсіз қалды. Анамыздың көз жұмғанын жанында жүрген туысымызға тек кешкі сағат 18:00 шамасында ғана айтқан. Ал жедел жәрдем тек 19:00-де келген. Үш сағат. Үш сағат бойы ол жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Ал біз ештеңе білмедік", — деп жазды Алдия.
Алдияның айтуынша, клиника әлі де отаға адамдарды қабылдап жатқанын айтады.
" Төрт күннен кейін таныстарымыз WhatsApp арқылы жаңа клиент болып жазды. Сонда не болды деп ойлайсыз? Оларға белсенді түрде прайс жіберіп, ақылы онлайн-консультация ұсынып, келесі аптаға операцияға жазып жатыр. Анамызды көпшілік жақсы танитын. Ол әлеуметтік желідегі парақшасын миллиондаған аудиторияға арнап белсенді жүргізді. Бірақ біз үшін ол ең алдымен аяулы ана, ардақты апа еді. Мейірімді, қамқор, өмірге құштар жан болатын. Ол небәрі 53 жаста еді. Алда әлі талай арманы мен жоспары бар еді", – дейді Алдия.
Алматы полициясы қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"15 мамыр күні жеке клиникалардың бірінде Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны көз жұмды. Аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесінде түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды", — деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.



