Алматыда ер адам кинотеатрда попкорнға қақалып, қайтыс болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:35
- 10
Әлеуметтік желі мен БАҚ-та Алматыдағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде 29 жастағы ер адам қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Qaz365.kz мәліметінше, қайғылы жағдай 17 мамырда Алматыдағы ойын-сауық орталықтарының біріндегі кинозалда болған. 29 жастағы азамат жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін көз жұмған болуы мүмкін.
Марқұмның туыстарының сөзінше, сол күні ол киноға сыныптас қызымен бірге барған.
"Әдеттегідей сеанс алдында попкорн сатып алған. Соған қақалып қалған. Дәретханаға барып құсып келген соң "сәл жеңілдеп қалғанын" айтқан. Кейін олар залға кірген, бірақ ол "тамағы қышып тұрғанын" айта берген. Бір сәтте ол "жүрегім шаншып тұр" деп, сырт киімін қасындағы адамға беріп, құлап қалған. Айналадағылар оның жүрегі ұстап қалды деп ойлап, жүрек тұсына массаж жасап, көмектеспек болған. Өкінішке қарай, ол жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды", – деген марқұмның туыстары басылымға.
Алматы Полиция департаменті бұл оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады", – деді Алматы ПД баспасөз қызметі өкілі.



