"35-39 градусқа дейін ыстық": еліміздің кейбір өңірлерінде дауылды ескерту жарияланды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:58
- 64
"Қазгидромет" 15 маусымға Қазақстанның барлық аумағында дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің болжамынша, елдің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні секундына 20-25 метрге дейін күшейеді. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда аптап ыстық сақталып, өрт қаупі жоғары деңгейде болады.
Астана, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде нөсер жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр.
Астанада арасында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында желдің екпіні кей жерлерде 23-25 метрге дейін күшеймек.
Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі.
Жамбыл облысында күндіз ауа температурасы +39 градусқа жетсе, Жетісу өңірінде +38 градусқа дейін ыстық болады. Абай облысында да сынап бағаны 37 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктер бірнеше өңірде Түркістан, Қызылорда, Абай, Алматы облыстарының бірқатар аудандарында, сондай-ақ Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында өрт қаупі өте жоғары деңгейде болады.
Алматы қаласы мен Қонаевта жоғары өрт қаупі сақталады.
Мамандар найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, ашық алаңдарда ұзақ болмауға және көліктерді ағаштардың астына қоймауға кеңес береді. Сонымен қатар аптап ыстық кезінде күн астында ұзақ жүрмеу, су қорын көбейту және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет.



