Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол апаты: 33 жастағы Александ Пакқа сот үкімі шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 20:54
- 15
Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты оқиғасы бойынша Zeekr жүргізушісіне сот үкім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сот 33 жастағы Александр Пакты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Сонымен қатар сот айыпталушыға өмір бойына көлік жүргізуге тыйым салды.
Судья Еркін Майшинов оны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша кінәлі деп таныды.
Сондай-ақ сот қаза тапқан 20 жастағы Т.К.-ның әкесінің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, Пакты 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтеуге міндеттеді. Бұған дейін марқұмның әкесі 100 миллион теңге өтемақы талап еткен болатын.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.



