Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Ол ауыр науқас емес еді": Оралда баспа диагнозымен ауруханаға жатқызылған 12 жастағы қыз көз жұмды

"Ол ауыр науқас емес еді": Оралда баспа диагнозымен ауруханаға жатқызылған 12 жастағы қыз көз жұмды
Сурет: Думская
12 жастағы қыз ауруханада көз жұмды.

Оралда баспа диагнозымен ауруханаға түскен 12 жастағы қыз бір тәуліктен соң қайтыс болды. Марқұмның туыстары медициналық көмектің уақытында көрсетілмегенін айтуда, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Мой городқа” сілтеме жасап.

Дәмелі Әбдірахманова 28 маусымда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Жақындарының айтуынша, қыз қатты тамақ ауруына шағымданған. Қабылдау бөлімінде дәрігерлер оған “іріңді баспа” диагнозын қойып, палатаға орналастырған. Дәмелінің анасы қызының жанында ауруханада қалғысы келген. Алайда қыздың жасына байланысты заңды өкіліне стационарда бірге болуға рұқсат берілмеген.

Келесі күні таңертең баланың жағдайы күрт нашарлап кеткен.

“Дүйсенбі күні таңертең Дәмелі бізге хабарласып, өзін нашар сезініп тұрғанын, жүрегі қатты соғып жатқанын айтты. Әжесі оған дереу дәрігерлерді шақыруын тапсырды. Бірақ қызым “маған тек градусник қойып, кетіп қалды” деді. Біз бірден ауруханаға жолға шықтық. Бірақ бара жатқанымызда Дәмеліні жансақтау бөліміне ауыстырғанын хабарлады. Ал ауруханаға жеткен кезде баланың қайтыс болғанын білдік”, – дейді қыздың ағасы.

Марқұмның туыстары Дәмелі палатада көз жұмған болуы мүмкін деп те болжап отыр. Олардың сөзінше, қызды жансақтау бөліміне жеткізіп үлгермеген. Оқиғаның хронологиясын қалпына келтіру үшін отбасы мүшелері полиция қызметкерлерімен бірге аурухана дәлізінде орнатылған бейнебақылау камераларының жазбасын қараған.

Туыстарының сөзінше, бейнежазбада Дәмелімен бір палатада жатқан қыздың палата ішінен жүгіріп шығып, медицина қызметкерлерін көмекке шақырғаны анық көрінеді.

“Зембіл палата есігіне кептеліп қалды. Дәрігерлер сол жерде топ болып тұрды. Сонда дәлізде қандай жансақтау шаралары жасалды деп айтуға болады? Бұған дейін бізге дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық шараны жүргіздік деген еді. Біз мұны салғырттық әрі жауапсыздық деп санаймыз. Егер көмек уақытында және кәсіби түрде көрсетілгенде, мұндай қайғы болмас еді. Оның кәдімгі баспасы ғана болды. Ол ауыр науқас емес еді, бұл қатерлі ісік те емес. Ал бала келесі күні-ақ қайтыс болды”, – дейді ашынған туыстары.

Жақындары Дәмелінің мүлде дені сау бала болып өскенін айтады. Ол медициналық есепте тұрмаған, ал былтыр толық медициналық тексерістен өткен. Тексеріс кезінде ешқандай патология анықталмаған.

12 жастағы қыздың нақты неден қайтыс болғаны әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Марқұмның туыстары бұл жағдайды жауапсыз қалдырмайтынын айтып отыр. Олар жақын күндері құқық қорғау органдарына ресми арыз түсіріп, жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің әрекетін жан-жақты тексеруді талап етпек.

“Егер біз бұл істі осылай қалдырсақ, мұнда тағы да бала өлімі болуы мүмкін. Ата-анасы бұл қайғыны қалай көтеретінін елестете алмаймын. 12 жастағы баланың өліміне қалай жол беруге болады?” – дейді марқұмның тәтесі.

2 шілдеде Дәмелі Әбдірахманованы ақтық сапарға шығарып салды. Қызбен қоштасуға ондаған адам – туыстары, таныстары мен құрбылары келді. Дәмелі отбасындағы үлкен бала болған. Оның ата-анасының артында екі ұлы қалды.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар