Шымкентте 15 жастағы жасөспірімнің асқазанынан бір келіге жуық шаш шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:13
- 39
Шымкентте дәрігерлер 2011 жылы туған жасөспірімге шұғыл ота жасап, оның асқазанынан салмағы бір келіге жуық шашты алып шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел жәрдем бригадасы Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасына ішінің ауырсынуына, тәбетінің төмендеуіне, ашуланшақтық пен жалпы әлсіздікке шағымданған 15 жастағы жасөспірімді жеткізді.
Қабылдау бөлімінде жасөспірімді дәрігерлер тексеріп, қарап шықты. УДЗ және компьютерлік томография оның асқазанында бөгде зат бар екенін көрсетті.
Хирургтар шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдап, асқазаннан трихобезоарды - салмағы бір келіге жуық, ұзындығы 30 сантиметр болатын тығыз жиналып қалған шашты алып шықты.
Ота сәтті өтті. Жасөспірім одан әрі бақылау үшін реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылды.
Кейінгі жылдары мұндай жағдайлар жаңалықтарда жиі шығады. Дәрігерлердің түсіндіруінше, медицинада асқазанда үлкен түйіннің пайда болуына әкелетін шаш жұту әдетін Рапунцель синдромы деп атайды. Бұл көбінесе стресс жағдайында пайда болады.
Дәрігерлердің айтуынша, уақыт өте келе шаш қорытылмай, асқазан-ішек жолдарында біртіндеп жиналып, тығыз массаға айналады. Соңында ол ішек өтімсіздігіне соқтырып, хирургиялық араласуды талап етуі мүмкін.
Мамандар пікірінше, бұл диагноз ұлдарға қарағанда қыздарда жиі кездеседі. Бұл ретте мұндай үлкен шаш түйіндері бірнеше апта немесе ай ішінде түзілмейді.





