"Қария қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам": Айгүл Орынбек жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты пікір білдірді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:34
- 33
Айтуынша, Рахат Сәрсенов апелляциялық сот арқылы толық ақталған жоқ. Ол тек амнистия негізінде және шартты түрде босатылған.
«Ақтөбе облысындағы қарияның видеосын көріп, жыламаған да, қарғанбаған да адам қалмаған шығар. Мен де сол видеоны көріп, ашуландым, қаным қайнады. Бірақ істің толық құжаттарын өз көзіммен зерттемей жатып, пікір білдіруге асықпадым. Себебі әдеттегідей оқырмандарым алдындағы жауапкершілік. Руслан Өтепбайдың видеосынан түйгенім – қария апелляция арқылы толық ақталмаған. Ол шартты түрде және амнистиямен ғана шыққан. Яғни, қария қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам», - деп жазды ол.
Айгүл Орынбекті бұл оқиғада қынжылтқаны пайғамбар жасына келген әкесін инсульт алғанша мал соңында жүргізген, тепсе темір үзетін сотқалдай ұлы болыпты.
«Әкесі сол күйге жеткенше жылқы бақтырып қойғаны қалай?
Бұл жерде біреуді қаралау немесе табалау емес, ақиқатты айту маңызды.
«Мал бақтырған кәсіпкерді ақтап жатырсың» дейтіндер де табылар. Оны бүгін атып тастасаңдар да маған бәрібір. Бірақ бір шындықты мойындаңдаршы. Бай болсын, кедей болсын, бәріңе еңбегін пайдаланатын, үнсіз жүретін, сұрауы жоқ, іздеуі жоқ, қараңғы адам керек. Өкінішке қарай, бұл оқиға – сондай жағдайлардың бірі ғана.Ал енді кәсіпкерді өлтіруге шақырып, ұрандап жүргендерге айтарым: мұндай оқиғадан хайп жинағанша, елімізде қариялар осындай күйге түспейтін жүйе қалыптастыруға күш салыңдар. Сонда ғана шын өзгеріс болады.Ел болып бұл қарияның қарызын да өтеп берерміз. Бірақ дәл осылай жүйенің құлы болып жүрген қаншама адам бар? Соларды да ойлайық», - дейді заңгер.
Сөз соңында Айгүл Орынбек әр адамға оқиға бәріне сабақ болуы керек. Сондай-ақ, ол халықты ақпараттың ақ-қарасын анықтамай жатып, қарғыс айтып, үкім шығаруға асықпауға шақырды.



