Қайғылы оқиғалар Жамбыл және Қостанай облыстарында бір күн аралығында болған.
Компанияның мәліметінше, алғашқы оқиға 4 тамыз күні Жамбыл облысында тіркелген. Арнайы техника қолданылған жұмыс кезінде Тараз техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкері ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза болған.
Ал екінші қайғылы жағдай 5 тамызда Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Москалевка ауылында болған. Байланыс желісінің тіректерінде жұмыс жүргізіп жатқан жергілікті желілік-техникалық цех қызметкері өмірімен қош айтысты.
Қостанай облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеріліп жатыр.
«Қазақтелеком» екі оқиға бойынша да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ компания қаза болған қызметкерлердің отбасыларына қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.


