Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Отбасы банк» қызметкерлері тұрғын үй кезегін сатып, жалған құжаттар жасаған

«Отбасы банк» қызметкерлері тұрғын үй кезегін сатып, жалған құжаттар жасаған
Сурет: kursiv.media
Отбасы банк қызметкерлері тұрғын үй кезегін жылжытқаны үшін ақша алып, клиенттер несие ала алуы үшін табысы туралы құжаттарды қолдан жасаған. Бұл туралы банктің 2025 жылға арналған жылдық есебінде айтылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Есепте 2025 жылы банкте тұрғын үй кезегін жылжытуға және қарыз беру үшін құжаттарды қолдан жасауға қатысты бірқатар құқықбұзушылық анықталғаны айтылған.

Қызметкерлерге кезек саудасымен айналысты және лоббизм жасады деген айып тағылған.

"2025 жылы банк қызметкерлері тарапынан клиенттер, риелторлар, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін қорғағаны, тұрғын үй кезегін жылжытқаны үшін заңсыз сыйақы алуға байланысты бірқатар сыбайлас жемқорлық дерек анықталды. Сондай-ақ филиалдардың біріндегі қызметкердің клиенттердің несие қабілеттілігін растайтын табысы туралы жалған құжаттар жасап, оларды несие рәсімдеуге арналған өтінімдерге қоса тіркеген деректері анықталды", – делінген құжатта.

Банк мәліметінше, анықталған деректерге қатысты аталмыш қызметкерлермен еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасымен, сенімнің жоғалуына байланысты бұзылған. Іс материалдары полицияға жіберілген. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта соталды тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сонымен қатар қауіпсіздік қызметі табыс туралы жалған құжаттар жасау деректерін де анықтаған. Олардың көмегімен банктің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптарына сәйкес келмейтін клиенттер ипотекалық несие алып келген.

2025 жылдың тамызында Отбасы банкінің бұрынғы қызметкері сыбайлас жемқорлық пен банк жұмыскерлерінен заңсыз ақша жинау туралы шағымынан кейін өзін жұмыстан шығарып жібергенін мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, қызметкерлер басшылыққа сыйлық алуға, корпоративтік кештер мен мерекелерге ақша жинаған. Мысал ретінде ол бөлімдердің бірінде банк басқарма төрағасының орынбасарының туған күніне 239 мың теңге жиналғанын алға тартты.

Сол кезде банк өкілдері қызметкерлердің төраға орынбасарына сыйлық алу үшін өз еркімен ақша жинағанын түсіндірді. Бұл ретте басшылық бұған дейін сыйлық беруге тыйым салған екен. Сыйлықты алғаннан кейін төраға орынбасары одан бас тартып, жиналған ақшаны қызметкерлерге қайтаруды сұраған.

Сондай-ақ банк ер адамның шағымдарға байланысты жұмыстан шығарылғанын жоққа шығарды. Олар бұған қызметкердің екі күн бойы жұмыс орнында болмауы себеп болғанын алға тартты.

Ер адам еңбек дауына байланысты банкпен екі рет соттасты, алайда сот қаржы ұйымының пайдасына шешім шығарды.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар