Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне 5 қазан күні сағат 10:05-те лифт шахтасына адамдардың құлағаны туралы хабарлама түскен.
"Атырау қаласының Құлманов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде лифт шахтасына адамдардың құлағаны туралы ақпарат түсті", – деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға "Гранд Атырау" ТҮК-інің Б блогында болған. Лифт ішінде төрт адам болған.
Лифттің не себепті құлағаны әзірге белгісіз. Оқиғаның себептерін жауапты қызметтер анықтап жатыр.
Атырау әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғадан кейін жедел жәрдем үш тұрғынды тексеру үшін ауруханаға жеткізген. Тағы бір адам медициналық көмектен бас тартты. Олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған.
"Қала әкімі жауапты қызметтерге қысқа мерзімде жеделсатының апаттық төмендеу себептерін анықтауды, сондай-ақ қаладағы барлық лифтінің техникалық жай-күйіне кешенді тексеру жүргізіп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды тапсырды. Жағдай қала әкімінің жеке бақылауында", – деп хабарлады баспасөз қызметі.




