Әйел аяқ киіміне 182 миллион теңгенің алтынын жасырып шекарадан өтпек болған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:41
- 46
Бас көлік прокуратура мәліметінше, ол салмағы 2,8 келі болатын алты алтын құйманы аяқ киімінің ұлтарағының астына жасырған. Прокуратураның өтінішхаты бойынша сот алтын құймаларды алдын ала тәркілеу туралы шешім шығарған. Құймалар мемлекет кірісіне өткізілді. Қаулы заңды күшіне енді.
"Бас көлік прокуратурасының өтініші бойынша сот жалпы салмағы 2,8 келі, құрамындағы алтынның үлесі 99 пайыздан асатын, құны 182,3 миллион теңге болатын алты алтын құйманы соталды тәркілеу туралы шешім қабылдады. Алтын мемлекет меншігіне өтті. Сот қаулысы заңды күшіне енді. Соталды тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.
Ведомствоның мәліметінше, әйел алтын құймаларды Қырғызстаннан сатып алып, Қазақстанға "Қордай Авто" өткізу пункті арқылы кіргізген. Оның мақсаты — алтынды Қазақстан арқылы Қытайға заңсыз алып өту болған.
Кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру үшін ол аяқ киімінің ұлтарағының астына үш-үштен алтын құйманы жасырған. Алайда "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы ауданында тексеру кезінде алтын табылып, тәркіленді.


