Шымкентте 36 жастағы мұғалім 1-сыныптың оқушысына жыныстық сипаттағы әрекет жасаған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:35
- 65
HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, 36 жастағы мұғалім бірінші сыныпта оқитын қыз балаға қатысты күмәнді әрекеттер жасаған. Ол сыныпта басқа балалардың көзінше қыздың басын өзінің ұятты жеріне басып, тізесіне отырғызған. Мұны білген қыздың анасы дабыл қағып, полицияға арызданған. Сыныптағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бірақ мұғалім өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс биыл ақпан айында қозғалған. Осы уақыт ішінде күдікті қамауда отырғаны хабарланды.
Іс материалдарында мұғалімнің сабақ барысында, өзге оқушылардың көзінше, қыз баланы тізесіне отырғызып, сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағаны туралы мәліметтер келтірілген.
Қыздың анасының айтуынша, болған жағдайдан кейін баланың мінез-құлқы өзгерген. Қыз мектепке барудан қорқып, жиі жылай бастаған, тәбеті төмендеген. Осыған байланысты отбасы психологтің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Ақпан айынан бері тергеу басталғанымен, күдікті осы уақытқа дейін қамауда отырғанымен, әлі жазаланбаған. Алайда мұғалім өз кінәсін үзілді-кесілді жоққа шығаруда.
Қаратау аудандық полиция басқармасы мұғалімнің әрекетін қылмыстық кодекстің 121-1-бабы бойынша, яғни “16 жасқа толмаған балаға сексуалдық сипаттағы тиісу” деп бағалаған. Алайда жәбірленушінің анасы тергеу кезінде-ақ бұл баппен келіспейтінін мәлімдеген. Соған қарамастан, іс сотқа осы бап бойынша жолданған.
Іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына түскен кезде судья әрекетте Қылмыстық кодекстің 124-бабында қарастырылған, 16 жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру қылмысының белгілері болуы мүмкін деген тұжырымға келген.
Осыған байланысты сот материалдарды қосымша тергеуге қайтару туралы шешім қабылдаған.
Алайда айыпталушы бұл қаулымен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Нәтижесінде апелляциялық сот алғашқы шешімнің күшін жойып, істі қайтадан сот талқылауына жолдаған.




