Жұманғарин алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өсетінін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 18:34
- 45
Үкіметте өткен брифингте журналистер бағаның өсуі қазақстандықтардың табысына да әсерін тигізіп жатқанын және бұл мәселені шешуге қатысты сұрақ қойды.
Жұманғариннің айтуынша, биыл жалақының айтарлықтай өсімі көлік және қойма саласында - 28,8 пайызға байқалған. Ауыл шаруашылығында жалақы 18,6 пайызға, қаржы және сақтандыру қызметінде - 16,5 пайызға, құрылыста - 14,4 пайызға, өнеркәсіпте - 11,4 пайызға өсті. Бұл ретте білім беру, өнер, ақпарат және байланыс салаларында, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте жалақы өсімі әлдеқайда төмен - шамамен 3–5 пайыз көлемінде.
Серік Жұманғарин мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысына қатысты айтты. Жалақы өсімі шамамен үш жылда бір рет жоспарланатынын атап өтті.
"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі бойынша біз орташа жалақыны 1,9 есеге, ал төмен жалақы алатын мемлекеттік қызметшілер санатына 2,2 есеге көтердік. Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап аз жалақы алатындардың еңбекақысын тағы 16 пайызға арттырдық", - деді премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі.
Сондай-ақ, министр азық-түлік өнімдерінің қымбаттап жатқанын мойындады.
"Қыркүйекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бағаның 0,1 пайызға төмендеуі алғаш рет тіркелді. Біз бағаның өсу қарқыны жоғары болмауы үшін жұмыс істеуге тырысамыз", - деп атап өтті ол.


