Басты жаңалықтар
Қарақат Әбілдина құрсақтағы сәбиіне неліктен Құран тыңдатқанын түсіндірді
- автор kyn.kz
- 15 тамыз, 2018
- 1.2k
Әнші: Өз ақылым өзіме әрең жетеді.
Соңғы кездері әлеуметтік желіде Аяла есімді қызының суреттері мен видеосын жиі бөлісіп жүрген Қарақат Әбілдина жас қыз-келіншектерге ақыл-кеңес айтты. Әнші жүкті кезінде құрсақтағы сәбиіне Құран мен өзге де әуендерді көп тыңдатқан екен. Айтуынша, бүгінде мұның оң пайдасы мол, деп хабарлайды Kyn.kz ақпарат агенттігі.
«Мен бөпеме құрсақта жатқан кезден бастап әуезді ән, құран сүрелерін көп айтып, көп тыңдаттым. Қазір қызық сол әуендерді естігенде елітіп тұрады. Жылап жатса тоқтай қалып тыңдайды, арасында ыңылдап қосылып жіберетінді шығарды. Тәрбие құрсақтан басталады дегенге үлкен мән беруіміз керек! (Негізі).
Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен. Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Аналарымыз келін-кепшікті жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында — ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқан жоқ па?!» - дейді әнші.
Әрі қарай ол жүкті аналарға тек көтеріңкі көңіл-күйде жүруге кеңес берді. «Ән шырқаған көңілден ауру қашарын әлмисақтан білген үлкендеріміз, шадыман көңіл жас анадан шаттық кернеген, мінезді ұрпақ туады деп сенген. Сондықтан жүкті аналардың құлағына алтын сырға. Жамандық атаулыдан бойларыңызды аулақ ұстап, тек қана өмірдің жақсы жағын көруге тырысыңыз! Тек жақсы ойда, жақсы көңіл-күйде жүріңіз. Себебі бойыңызға біткен кішкентай тіршілік иесі сіз қуансаңыз қуанып, сіз ренжісеңіз ренжиді. Әдемі, ақылды, мейірімді, парасатты ұрпақ сүйгіңіз келсе, бала бойыңызға біткеннен бастап жаман әдеттерден арылып өзіңізді қолға алыңыз! Күйбең тіршіліктің мәселелері бітпейді бірақ ол өз балаңыздан маңыздырақ емес деп ойлаймын! Ақыл айтты дей көрмеңіз. Өз ақылым өзіме әрең жетеді. Жәй реті келгенде ойыммен бөлісейін дедім», - дейді ол.
Келесі мақала