Қазақы салт дәстүрмен келін алған орыс жігіті дүркіретіп құдалық жасамақ
- автор kyn.kz
- 16 тамыз, 2018
- 1.5k
Славян ұлтының жігіті неліктен қазақы дәстүрмен беташар жасағандығын ашық айтты. Жігіттің сөзінше, сүйіктісі қазақ қызы болғандықтан, бастапқыда қайын жұрты күйеу баласын қуана қарсы алмады.
Бірақ жастар бір-бірін жақсы көретінін дәлелдеп, соңына дейін күресті. Араға екі жыл салып, Ханшайым есімді бұрымдының ата-анасы екі жастың махаббатына батасын беріп, отау құруға келісімдерін беріпті.
"Ханшайыммен екі жыл бұрын таныстым. Группаласымның қарындасы. Ұнатып қалған соң, сөз айтып, жүре бастадық. Алғашқыда оның ата-анасы қарсы болды. Бірақ кейін келісімін берді. Қайын жұртым беташар жасауды сұрады. Бірден келістік. Салт-дәстүрге сай бәрін орындадық. Қалың мал беріп, беташар жасадық", - дейді қазақтың қызын келін еткен Андрей Бочаров.
Өзге ұлтқа келін болып түскен қазақтың қызы Ханшайым Шымкентте туып өскен. Қазір ол Бочаров отбасының кенже келіні атанды. Андрейдің өзі - жанұясындағы кішісі. Сондықтан жас жұбайлар Шәуілдір ауылындағы қара шаңырақта тұрамыз дейді.
"Отбасымызда үш қыз, үш бала бар. Өзім Шәуілдір ауылында тұрамын. Ханшайым медицина мамандығы бойынша білім алған. Менің жасым 25-те. Келіншегімнің жасы 19-да. 14 тамыз күні алып қашып, Ханшайымды үйге ақ орамалмен кіргіздік. Ертесіне ауыл тұрғындары мен туысқандар үшін беташар жасадық ", - дейді қазақтың қызын келін еткен Андрей Бочаров.
Бочаров отбасы қазақтың салт-дәстүрін сақтап қана қоймай, қазақ тілін жақсы меңгерген. Ауылда тұратын славян жанұясы мемлекеттік тілде сөйлеседі екен.