Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Үш баламен пәтер жалдап жүрген келіншек амалсыздан түсік жасатпақшы

Үш баламен пәтер жалдап жүрген келіншек амалсыздан түсік жасатпақшы
ашық дереккөз
Әйел: Күйеуімнің айлығы еш артылар емес, тағы бір бала дүниеге келсе қазіргіден де қиналып қаламыз ба деп қорықып жүрміз
Танымал журналист Мәншүк Шымырбай материалдық жағдайының төмендігіне байланысты төртінші баладан бас тартпақшы болған келіншектің оқиғасымен бөлісті. айтуынша ана құрсақтағы баласын өз қолымен өлтіруге қимай тұрған.  Ал алып қалайын десе үйсіз, күйеуінің жалғыз айлығына бес адам күн көріп отыр екен. "Жақында, таңғы анализ тапсыратын уақыт өтіп бара жатқасын барынша жүрісімді жылдамдатып, емханаға ентігіп кіріп келе жатқан едім. Бір келіншек артымнан қуа келіп, білегімнен ұстап тоқтатты. - Кешіріңіз, маған бір минутыңызды бөліңізші, өтінем, кеңесіңіз керек. Қапелімде сасып қалдым. "Айта беріңіз, қолымнан келсе" деппін. - Мен осы қазір мұнда аборт жасауға келіп тұрмын. Бірақ алғызғым келмейді... Өңінен қатты абыржып тұрғаны білінеді. Қарапайым киінген. Қолында жұқа пакеті бар. Одан дайындалып келгені көрініп тұр. Суын, тәпішкесін, гигиеналық пакетін байқап үлгердім. Ал менің аборт дегенді естігеннен-ақ есім шықты. Сонда да өзімді байсалды ұстап, бірден жауап бердім. - Қой, керек емес. Алғызғым келмейді деп тұрсыз ғой. Ертең, жоқ, осыны жасаған бойда-ақ өкінесіз. Өмір бақи өзіңізді жеп қоясыз. Неше апта болды? - Сегіз апта. "Жүрегі соғып тұрған тірі жан ғой ол" деппін. Келіншек те ақымақ емес. - 4 аптасынан-ақ соғып тұр ғой,- деді шарасыз түрмен. -Бәрін біліп тұр екенсіз. Жігітім тастап кетті дейтін де жас емессіз. Неге бұлай болды? - Үш балам бар. Үйіміз де жоқ. Пәтер жалдап, жолдасымның аз табысымен күн көріп отырғанда төртіншісін көтеріп қалдым. Күйеуім қарсы емес алдырғаныма. Кеше бекінген ем, бүгін енді ... сол... қорқып тұрмын. Келіншектің екіойлы боп тұрғанына қуандым. - Әр бала өз несібесімен туады. Бәлкім мына бала үйіңізге ырыс әкелетін шығар. Балаларыңыздың ең ерекшесі, дарындысы шығар. Сіз оны білмейсіз. Мен бірдеңе білсем, бұл тегін бала емес. Дәл қазір асығып келе жатқан мені тоқтатқан, соңғы сәтте санаңызға сәуле құйған және дәл мына сөзді менің аузыма салған құрсағыңыздағы титтей ғана тіршілік иесінің ПЕРІШТЕСІ. Періштені ренжітпеңізші. Қолынан ұстап осы сөздерді айтқанымда әлгінде ғана әбіржіп, жаны күйіп тұрған келіншектің жүзі жадырап шыға келді. -Дұрыс айтасыз. Тәубеме келтірдіңіз. Рахмет сізге. Алғызбаймын. Болды. Үйіме барам-, дей берді. Қолымды ол да қысып ұстап алған. Менің де естігім келгені осы ғой. Іштей "уфф" дедім. - Қорқыныш, қателік бәрімізде болады. Бастысы енді өзіңізді, мынау тәлейлі періштеңізді күтіңіз. Оның керемет ұрпақ, дені сау бала боп туатынына сеніңіз.
Бейтаныс келіншек маған сенді. Ал мен оған. 7 айдан соң тағы бір қазақ баласы іңгәлап дүние есігін ашады. Өмір жолы даңғыл болып, мен анасына айтқандай салиқалы ұрпақ санатынан болғай. Аумин.",-деп жазды журналист Мәншүк Шымырбай.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар