Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Елімізде 30-дан астам әкім пара алғаны үшін ұсталды   

Елімізде 30-дан астам әкім пара алғаны үшін ұсталды   
ашық дереккөз
Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздің әр аймақтарында қызмет деңгейлері әр түрлі шенеуніктердің ұсталғанын мәлімдеді

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің беріп отырған мәліметіне сәйкес, жыл басынан бастап түрлі деңгейдегі 31 әкім мен әкім орынбасарлары «пара алды» деген күдікпен ұсталған. Олардың арасында облыстық деңгейде – 1, қалалық – 4, аудандық – 5 және ауылдық округтердің – 21 әкімі болған екен.

Мәселен, Алматы облысы Байсерке ауылдық округі әкімінің бұрынғы орынбасары лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланғаны үшін күдікті деп танылған. Атқамінер тұрғындардың біріне бас жоспарға сәйкес автокөлік тұрағына арналған жер учаскесін жеке қосалқы шаруашылық үшін заңсыз берген. Бұның салдарынан мемлекетке 496 мың теңге зиян келген екен.

Ал,  Павлодар облысы Ақсу қаласы Қалқаман ауылдық округінің әкімі әкімшіліктің төлем терминалын орнату үшін, ЖШС өкілінен 50 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталған.

Сол сияқты Атырау облысында аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің бастығы бопсалау арқылы пара алғаны үшін сотталған болып шықты.

Әкімдер тарапынан орын алған жемқорлық фактілері Ақмола облысында да бар. Облыстың Аршалы ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі кәсіпкерден жүйелі түрде жалпы сомасы 300 мың теңгеге пара алғаны үшін 23,4 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен бірге аталған облыстың Целиноград ауданындағы Қосшы ауылдық округінің әкімі де 8,8 миллион теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелгені анықталған.

Әкімдер жасаған жемқорлық оқиғаларынан Түркістан облысы да кенде емес болып шықты. Өңірдегі Жетісай қаласының әкімі ЖШС құрылтайшылары өкілінен 200 мың теңге көлеміндегі пара талап еткені үшін, ел қазынасына 12 млн теңге айыппұл төлеп құтылған.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар