Ақсеңгірде көршісі 7 жасар қызға«Кәмпит беремін» деп алдап үйіне кіргізіп алған
- kyn.kz
- 8 қараша, 2023
- 886
Жұрттың айтуынша, сырттай бақылап тұрған Кәрімхан есімді тұрғын жеті жасар жеткіншекке «тәтті беремін» деп алдап, өз үйіне кіргізіп алады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. Сөйтіп сонда білгенін істепті. Баласының болашағына балта шаппайын деп, қыздың әке-шешесі жүзін көрсетуден бас тартты. Бірақ желіде желдей есіп жүрген «зорлады» деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.
“Көршінің қызына «далада тұра тұр деген ғой. Содан, менің қызымды үйге кіргізген. Кіргеннен кейін қолынан жетектеп жатын бөлмеге апарған. Өзі төсекке отырып, қызымды алдына алып, о жер, бұ жерін сипалап ұстаған ғой. Біраз уақыт ұстап отырған да, жанына түсіріп қойып, өзінің шалбарын тізесіне дейін түсірген, қызымның айтуынша. Түсіріп, «менікін көресің бе?» деген ғой”,-дейді анасы.
Абырой болғанда сол сәтте сыртта күтіп тұрған өзге қыз қақпадан кіріп қалған. Сөйтіп көршісі сасқанынан қыздың қолына екі алманы ұстатып, үйден шығарып жіберген дейді. Ерсі қылық танытып жүрген азамат алыстағы адам емес. Екі үйдің арасы небәрі бір-екі ақ түтін. Қыздың шешесі онымен 12 жыл араласқанын, әрі талай мәрте дастархандас болағанын айтып отыр. Әйелі мен екі баласы бар екен. Өзі мал саудасымен айналысады.
“Жанындағы қыз болмаған жағдайда білмеймін қалай болатынын. Елестете алмаймын. Сол үшін жазасын тартса екен. Жанымыздан көшіп кетсе екен”,- дейді анасы.
Оның қатаң жазаға тартылып, көшіріп жіберуін жалғыз қыздың ата-анасы ғана емес, ақсеңгірліктер де талап етіп отыр. Өйткені 50-ге таяп қалған көршісінің ауылдағы қыздарға анайы қылық танытып жүргені алғаш рет емес дейді.
“Былтыр бір жылдың ішінде үш қыз баланы зорламақшы болған. Бәрі 14,15, 16 жас аралығындағы қыз балалар. Елдің бәрі қарсы шыққанбыз. Бірақ қыздардың атааналары, ауылдың ақсақалдары «болды» деп, біржола кешірім беріп, жылы жауып қойғанбыз. Соның зардабын биыл көріп отырмыз. «Ақсеңгір ауыл бірлігі» деген топ бар. Сол топта такси шақырып, кім қайда бара жатыр, не істеп жатыр, бәрі айтылып тұрады. Соны пайдаланып, кім қайда кетті, кімнің үйінде адам жоқ дегенді осыдан біліп отырған ғой”,-дейді Нұрғали Өндірқанұлы.
Өткен аптада болған оқиғаға қатысты полицейлер тергеудің жүріп жатқанын жеткізді. Қозғалған бапқа сәйкес, күдікті 20 жыл немесе өмір бойы темір торға тоғытылуы мүмкін. Ғалым Нариманұлы, Жамбыл ауданы ПБ бастығының орынбасары: - ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдікті азаматты ұстады. Сот санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды. Зәбір көре жаздаған жеткіншектің жақындары күдіктінің анайы қылық танытқанымен, жыныстық сипаттағы зорлық болмағасын іс жылы жабылып кете ме деп қорқады.