Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 2,6 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды KYN.KZ.
Шардара және Сарыағаш аудандары білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
"Күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім саласында жұмыс істемейтін адамдардың шотына ақша аударған, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеген. Жымқырылған қаражат – 2,6 млрд теңге", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, олардың 4-і қамауға алынды.
"Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаты бұғатталды", - дейді Антикор.
Сонымен қатар тергеу барысында Түркістан облысы тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленген.
"Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін жасырған. Сондай-ақ Жетісу облысында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топ - қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды", - деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қылмыстық топта басшы мен оның қарамағындағылар және орта мектеп бухгалтері болған. Барлығы 13 адам.
Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе, Алматы және Жетісу облыстарында қылмыстық схемалар ашылған болатын.