Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"28 млн теңге төле". "Болашақ" түлегі бағдарламаның ел білмейтін жайттарын айтты

"28 млн теңге төле". "Болашақ" түлегі бағдарламаның ел білмейтін жайттарын айтты
Tengrinews
Саян Ұлыбританияның Рединг университетіне түсіп, Құқық мектебінің магистратурасын бітірген

Қазіргі таңда халықаралық банк құқығы мамандығы бойынша заң магистрінің Қазақстанға қайта алмай отырғанына "Болашақ" бағдарламасындағы бірнеше заңсыздықтар себеп болуда, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Massaget.kz сілтеме жасап.

"Оқуды шетелде үздік аяқтадым. "Болашақ" орталығымен жасалған шартқа сәйкес маған 3 міндет жүктелді. Біріншісі, оқуды бітірген соң 15 күннің ішінде Қазақстанға қайту. Екіншісі, елге қайтқанымды растау үшін паспортымның көшірмесін "Болашақ" орталығына тапсыру. Үшіншісі, Қазақстан Республикасының ұйымдарында 5 жыл (яғни 1825 күн) жұмыс істеу. Оқуды бітірген соң, 2017 жылы ақпанда Қазақстанға қайтып келдім.
 

Еңбек өтілі бойынша міндеттемені орындау үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында, содан соң "Цеснабанк" акционерлік қоғамында және кейін Астана халықаралық қаржы орталығының Биржасында жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүрген кезде 2021 жылдың сәуір айында пандемия бойынша шектеулер алынғаннан кейін отбасыммен еңбек демалысын өткізу үшін Америка Құрама Штаттарына туристік мақсатта шықтым. Еңбек демалысын АҚШ-та 30 күн өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Алайда, отбасылық жағдайға байланысты еңбек демалысы аяқталған кезде мен Қазақстанға қайта орала алмадым. Бірақ, Астана халықаралық қаржы орталығындағы жұмысымды қызметімді басшының келісімімен бұрынғы лауазымда еңбек шартын ешбір өзгертусіз онлайн қашықтан жұмыс істеуімді жалғастырдым", - деді Саян.

Оның айтуынша, Саян бұған дейін пандемия кезінде жұмысты онлайн істеген. Сол үшін де жұмыс орнына қайда отырғаны маңызды болмаған.

"Жұмыс бойынша міндеттерімді толық орындағандықтан, маған жалақы, зейнетақы қорына салымдар заң бойынша толық төленді. 2021 жылғы менің жұмысым нәтижелі болғаны үшін бонус та берілді. 2022 жылы наурызда келісім-шарт бойынша бес жылдық міндеттемем біткен соң, хабарлау үшін "Болашақ" орталығына хат жаздым. Бірақ, "Болашақ" орталығы ҰҚК-ге анықтама жасап, "былтыр шетелге шығып кетіпсің, сол уақыттан бастап сенің міндеттемеңді есепке алмаймыз" деп жауап қайтарды", - дейді заңгер.

Бұдан кейін Саянды "Болашақ" орталығы қорқыта бастаған.

"Олар үшін елге қандай еңбек сіңіргенің, шетелде алған біліміңнің Отанға пайдасы тиді ме, тимеді ме, қызықтырмайды. Тек Қазақстанда жүрсең болды, сол ғана басты көрсеткіш болып тұр. 5 жыл бойы менің немен айналысып жүргенім қызықтырмаған орталықтағылар "сен шетелге қашып кетіпсің, болды енді "Болашақ" стипендиясынан айырамыз" деп қорқыта бастады. Қайда отырып жұмыс істесем де, Қазақстандық компанияның мүддесіне, яғни Отаныма қызмет жасағанымды айттым. 
Заңгер болған соң, Қазақстанның Конституциясындағы 21-бапта жазылған "Республикадан тыс жерлерге кетуге және кедергісіз қайтып оралуға құқығы бар" дегенді көрсеттім. Алайда олар, өз дегенінен қайтқан жоқ. Сөйтіп, Астана Биржасы қызметімдегі 3 жылды құрайтын еңбек өтілінің тек 2 жылын, яғни шетелге шыққанға дейінгі мерзімін ғана мойындады. Себебі "Болашақ" бағдарламасымен бітіріп келген түлек Қазақстанда болуы тиіс. Біз қол қойған шартта немесе заңнамада мұндай талап қарастырылмаған. Шартта және заңнамадағы міндеттемелердің барлығы менің тарапымнан орындалды", - деді Саян Абдихайранов.

Олардың талабымен келіспегендіктен, "Болашақ" түлегі Астана қаласы Есіл аудандық сотына арыз жолдаған. Аудандық сот 2022 жылы қарашада талап арызды қанағаттандыру туралы заңды шешім қабылдап, 5 жылдық міндеттеме толық орындалған деп шешкен.

"2022 жылы қарашада сот шешімі шыққаннан кейін "Болашақ" бағдарламасына желтоқсанда Ғылым министрлігнің бастамасымен өзгеріс енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, "Болашақтың" түлектері міндеттемені орындау кезінде Қазақстаннан шықпауы тиіс болды. Сол жаңа талапқа сүйеніп, сот шешімінен соң олар апелляциялық шағым түсірді. Соның негізінде Астана қалалық соты 2023 жылғы 16 ақпанда Есіл аудандық сотының шешімін бұзды және талап-арызымды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдады.
Менің жаныма батқаны, қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын судьялар қазақ тілінде өтіп жатқан процесіңді жүргізді. Процесте судьялар маған бірде-бір сұрақ қоймады. "Ой, мы забыли этот процесс казакша, казакша, где переводчик?" деген сөздерінен басқа сөз естіген жоқпын. Қалалық сот "міндеттемені орындау кезінде түлек Қазақстан территориясында нақты болу керек" деген қате тұжырымға келді. Яғни сот күні кеше пайда болған жаңа талапқа жүгініп, заңсыз шешім шығарды", - деді "Болашақ" түлегі.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс "Болашақ" түлегінің оқуға түскеннен кейін 8 жыл, шетелде оқуды аяқтағаннан кейін 6 жыл, міндеттеме аяқталғаннан кейін 9 ай, бірінші сатыдағы сот шешімі шыққаннан кейін 1 ай өткен соң пайда болған.

"Апелляциялық сатыдағы сот Бірінші сатыдағы сотта қатысқан менің жұмыс берушім Астана халықаралық қор Биржасын сотқа қатыстырған жоқ. Осыдан кейін мен Жоғары сотқа жүгіндім. Алайда, бірнеше заңсыздықтар бола тұра, Жоғарғы сот менің арызымды кассациялық сатыда қарауға негіз жоқ" деп шешім шығарды.
Бұл заңсыздық туралы Ерлан Қарин, Үкіметтегі онға жуық министрге жаздым. Алайда олар мені стипендиядан айырып, "менен 28 млн. теңгені өндіру керек" деген қорытындыға келген. Сонда олар жүрегі қазақ деп соғатын, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызметте және жеке меншік секторларында қазақстандық құқық бойынша 20 жылға жуық кәсіби тәжірибесі бар, қылмыстық, әкімшілік түгілі ешқашан тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған, есі түзу, шылым шекпейтін, арақ ішпейтін, тепсе темір үзетін, 38 жастағы қазақ жігітінің құнын 28 млн теңгеге бағалап отыр ма? Мен жалғыз емеспін ғой. Шетелде өзіммен бірге әйелім, артымнан ерген 4 ұл-қызым бар. Сонда 6 адамнан тұратын көпбалалы қазақ отбасын мемлекет бар-жоғы 28 млн теңгеге бағалап отыр ма?", - деді Саян. 

 

Бөлісу:

Ұқсас жаңалықтар