Науқас бала асырап отырған ата-аналардың бірі зейнетке ерте шығарылсын деген ұсыныс айтылды
- автор kyn.kz
- 19 наурыз, 2024
- 1.1k
Денсаулық сақтау министрлігі 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына ораза ұстауға болмайтынын ескертті. Бұғанасы қатпаған жас организмге бес парыздың бірін өтеу тым ауыр. Жоғарғы сыныпты былай қойғанда, бастауыш сынып оқушыларының ашығып, сабақ кезінде әлсіреп отырған видеоларын әлеуметтік желіден соңғы кезде байқап жүрміз.
Министр Ақмарал Әлназарова мұндай жағдайларға ұстаздар мен ата-аналар тарапынан тоқтау болуы керек деп отыр. Депутаттармен ашық сұрақ-жауапқа алғаш шыққан денсаулық сақтау министрі ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-анасын зейнетке ерте шығару мәселесін қолға аламын деп уәде етті.
Бір жарым ай бұрын ғана денсаулық сақтау министрінің орынтағына жайғасқан Ақмарал Әлназароваға мәжілісмендердің артқан үміті бұл жолы бөлек. Сөз алған әр депутаттың әлқиссасы «салаға өзгеріс әкелерсіз» дегеннен басталып жатты. Міндетті медициналық сақтандырудың ұшы-қиыры көрінбейтін мәселесін қаузаған депутаттар бірауыздан айтқанымыз, айтқан жерінде қалуда деп налыды.
Денсаулық сақтау саласына жыл сайын екі триллион теңге бөлінсе де, салада қордаланған мәселе шаш-етектен. Медициналық сақтандыруға ай сайын қалтасынан шыққан ақшаға қара халық дұрыс ем ала алмайды. Ал мүгедек жандар сол баяғыдай еш өзгеріссіз жылда өзінің мүгелектігін дәлелдеу үшін талай есіктің табалдырығын тоздыруына мәжбүр.
"Жалпы МӘМС деген біздің мемлекетке жасалған үлкен қастандық деп ойлаймын. Оның біріншісі президеттің сөзін бұрмалау болды. Президент жолдауында міндетті деген сөзді айтқан жоқ. Президент өз сөзінде ерікті міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді ұсынамын деді. Жолдауды қайта қарасаңыздар болады. Айта-айта шаршаған мәселе — мүгедектікке шығару мәселесі. Осыны бір жақты қылыңыздаршы. Айта-айта шаршадық. Қолы жоқ адам, неге 2-3 жыл жүру керек, оның қолы-аяғы өсіп кетпейді ғой. Осыны түсіну қиын емес шығар?!",-дейді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.
Мүгедектің қол-аяғы өсіп кетпейтінін денсаулық сақтау министрлігі де біледі. Бірақ сол баяғы бюрократия, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен арадағы бұйрықтар кедергі. Ақмарал Әлназарова жуырда мәселені қайта қарап, мүмкіндігі шектеулі жандардың есебіне шешемін деп уәде етті. Ал сал ауруы сияқты туа бітті дертпен туатын балалаларға қарайтын ата-ананың біреуін зейнетке ерте шығуға мүмкіндік беру мәселесі бүгін айтылған жаңа ұсыныстардың бірі болды.
"ДЦП-мен ауыратын балалардың жанында өмір бойы ересек адамның күтімі болу керек, жанында, қасында болу керек. Осыған байланысты ата-анасының біреуінің зейнет жасын төмендету, яғни еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен кешенді жұмыс жүргізу жоспарлап отырсыздар ма?",-дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
«Емделемін» деп келген халықты теңбіл доптай дәрігерлер арасында әрі-бері сандалтпай, жүйені реттеу мәселесі жаңа министрге артылған міндеттердің бір парасы. Ақмарал Әлназарова «МӘМС төлемесең, қарамаймыз» деп өзектен теппейміз деп отыр. Туберкулез, қант диабеті, қатерлі ісікке шалдыққандарға міндетті түрде тегін ем көрсетіледі.
"Нақты МӘМС-тің өзіне ешқандай нақты тіреліп тұрған мәселе жоқ. Себебі денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесі тек қаражатты ғана төлейді. Бұл жерде халықтың ең түпкілікті айтып отырғаны МӘМС жүйесінде тіркелген «мен жарнамды төлеп отырмын» деген азаматтар тиісті көмегін ала алмай отыр. Халыққа медициналық көмек көрсетудің орнына медициналық құрал-жабдық сатып алып, өзіне сыйақы жазып алу мәселесін тоқтатуымыз керек. Осыған байланысты тиісті сараптама жүргіздік.",-дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Мемлекет есебінен жыл сайын медициналық білім алуға шетелге кететін студенттерге 300 миллион теңге бөлінеді екен. Депутаттардың айтуынша, көбіне шет ел асқан сол тәлімгерлер ойын-сауық құрып, оқуы жайына қалып жатады. Сондықтан жаңа министрге шетелден білікті дәрігерлерді елімізге әкеліп, осы жақтан оқытқанымыз әлдеқандай тіимдірек болады деген ұсыныс айтылды.