Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ақтөбе облысындағы Екпетал елдімекені тасқыннан жермен-жексен болды

Ақтөбе облысындағы Екпетал елдімекені тасқыннан жермен-жексен болды
видеодан скрин. ТЖД. Су алған Ақтөбе.
Ақтөбе бойынша 5 ауылды су шайған

Ақтөбе облысындағы бес ауданда төтенше жағдай жарияланды. Тасқыннан Ойыл ауданындағы  Екпетал ауылы су астында қалды. Баспаналар бүлінгенімен, адамдар дер кезінде құтқарылыпты. Тіпті түнде облыс орталығында да төтенше жағдай жарияланды. Себебі Ақтөбедегі су қоймасы ернеуіне жетіп, апаттың алдын алу үшін шлюздер ашылған. Соның салдарынан Елек өзенінің жағасындағы жүздеген үйді су алды, деп жазды KYN.KZ  тілшісі KTK жаңалықтарына сілтеме жасап.

Ел арасында «Лесхоз» аталғанымен, ауылдың ресми атауы Екпетал. Енді Ойыл ауданындағы бұл елдімекенді тасқыннан кейін Қазақстан картасынан табу қиын болады. Барлық шаңырақ қара судың астында қалып тұрғындары әрең аман қалды. Көршілес Қаратал, Қарасу, Амангелді, Көптоғайға да қауіп төніп тұр. Құтқарушылар тікұшақпен ғана ауылдарға жетіп жатыр. Берсиев, Саралжын, Қайыңды, Ойыл ауылдары аралда қалғандай. Бұл жақта байланыс та, жарық та, газ да жоқ. Қатынас толық үзілген. Әкімдері әрең дегенде бүгін төтенше жағдай жариялады.

"Аудан бойынша бүгіннен бастап жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бүгінгі күні Екпетал ауылын су басты. Қаратал, Қарасу, Амангелді, Қарасу, Көптоғай ауылдарына үлкен қауіп төндіруде. Сондықтан аталған елдімекен тұрғындары қауіпсіз аймақтарға шығуын сұраймын",-деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Төрт күннен бері тасқыннан титықтаған облыс орталығының тұрғындары да кеш қарайғанда дүрбелеңге түсті. Елек пен Қарғалы өзені бойындағы үйінен тұрғындар қолына құжатын алып тұра қашты. Себебі қала іргесіндегі бөгетті ашып, дереу халықтан қауіпсіз жаққа кетуін талап еткен.

Ақтөбе су қоймасы. Қыс бойы жиналған ылғал лық толып, түнде шлюзін ашуға тура келді. Егер су жібермеген жағдайда платинаның жарылу қаупі бар. Сондықтан Елек өзенінің бойындағы үй тұрғындарын дереу эвакуциялады.

Қатты нөпірмен аққан су Елек өзенінің етегіндегі жүздеген үйді басып қалды. Шаңырақтарының суда көлкіп тұрғанын көргендер күйініп тұр. Әсіресе жеті жыл бұрын дәл осылай тасығанда баспанасыз қалған Кірпішті көпірі тұсында тұратындар «тағы да тентіреп кеттік пе» деп жылайды.

"Енді бұлар қайда барады, балалар, айтыңдаршы?! Біз не істейміз? Сол күйі қалып тұр ғой. Кішкентай балалары бар. Қай жаққа барады, қысты күні? Көмек берсеңіздерші. Өстіп-өстіп жылда кете береміз бе?",-дейді Қалдықыз Құдайбергенова.

Топан су басқан аймақта қазір премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жүр. Су шайған жолдарды, бұзылған көпірді көзімен көріп қайтты. Тасқынды тоқтатуға әкім-қаралардың мүмкіндігі болған-болмағанынан кейін анықтаймыз деп отыр.

"Тасқынға қатысты сараптама жасап жатырмыз. Осындай жағдай бұрын Ақтөбеде болғанын білеміз. 2017 жылғы жағдай есімізде. Мемлекеттік органдардан кеткен қате болса, оны анықтаймыз. Қапыл қар еріп, жаңбыр жауып, одан соң тасқынға тосқауыл болуға мүмкіндік болған-болмағанын тексереміз",-дейді  ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдай жариялау әлі ерте көрінеді. Вице-премьер аудан деңгейінде төтенше жағдай, тасқыннан келген зардапты жою үшін қаржыны тез бөлуге мүмкіндік беретінін айтады. Қазір Ақтөбе қаласы мен бес ауданда төтенше жағдай жарияланған.
 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар