"Қосылғың келсе, қасымызға тұр" деді": әйелін өлтіріп, 3 баласының қасына тастап кеткен ер адам оқиғаның қалай болғанын баяндады
- автор Томирис Тоныкөк
- 22 мамыр, 2024
- 1.3k
Ақтөбеде бұрынғы әйелін қылқындырып өлтіріп, денесін үш баласының қасына тастап кеткен айыпталушы оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы әйелін өлтірді деген айыпталушының ісі қайтадан басынан басталып қаралып жатыр. Осыған дейін істі жүргізген судья Балмұхановтың денсаулық жағдайына байланысты істі енді судья Сабыров қарайды. Бұл жолы іске жәбірленуші тарап қорғаушымен қатысты.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 31 қаңтарынан 1 ақпанға қараған түні Темір ауданының Шұбарши ауылында болды. Ақтөбедегі зауыттардың бірінде істейтін ер адам жұмыстан шыққан соң үйіне келіп ас ішіп, кешкі тоғыздар шамасында 350 шақырым қашықтықтағы Шұбарши ауылында тұратын бұрынғы әйелі мен балаларына таксимен шыққан. Алыстағы ауылға тек түн ауа жеткен.
“Ауылға 00:30 шамасында кірдім. Жолда дүкенге соқтым. Шамамен 00:40 шамасында үйдің терезесін қақтым. Есікті Айбанудың өзі ашты. Тие берсін… Кіргізді. Құшақтадым. 20 минуттай сөйлестік. Үш күн бұрын да ол ауылға бардым. Арамыз жақсы болып келе жатты. Оған Аралдағы маманың үйіне немесе қаладағы пәтерде тұрайық, шешейік, қосылайық деп айттым. Ол кесіп айтты. “Ешқайда бармаймын. Қосылғың келсе, біздің қасымызға тұр” деді. Айқай болды. Шәйнектің қасында тұрғаны есімде. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Мен қатты ашуландым. Үйден қалай шығып кеткенім есімде жоқ. Таңертең бірінші Айбануға жаздым. Ол жауап берген жоқ. Сездім. 5 жастағы қызыма хабарласқанда “мама өлді” деп жылап жатты. Үлкен қызыммен сөйлестім. Нағашы апаларына хабарласуды сұрадым. Сол күні түстен кейін шығып бардым. Жауап алу кезінде түнде келгенімді айттым. Мен оны өлтіремін деп ойламадым. Қызғандым. Қалай жасағанымды, қалай қолымның барғанын білмеймін. Менің мақсатым қосылу болды. Ауылға сол үшін бардым. Таксиді қонып қалсам, жіберемін деп ойладым. Қонбасам, қайтамын деп ойладым. Бәрі ашумен болды. Мойындаймын”, – деді айыпталушы жауабында.