"Мәзірде 66 түрлі тағам бар": Димаш Құдайбергеннің қарындасы бизнесі туралы баяндады
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 мамыр, 2024
- 1.3k
Әнші Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген отбасылық бизнесі жайлы «Оян» бағдарламасына сұхбат берді, деп жазады KYN.KZ тілшісі.
Оның айтуынша бүгінде Құдайбергеновтер әулетінің "Дайдидау" мейрамханасы бар екен. Әкесінің бастамасымен ашылған бұл бизнес бүгінге қарқынды жүріп тұрған көрінеді.
"Ата-анамның, әсіресе, әкемнің тарапынан туған ой. Соны біз де ұнатып, қостап, қолдап кеттік. Бірден құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бизнес саласының қыр-сырын меңгеруге ізденіс жүргіздік, - дейді Раушан Құдайберген.
Раушан бизнесінің басы-қасында өзі жүретінін айтады.
"Жарты жыл болды ашқанымызға. Идея ортақ болғанымен, бас-аяғында өзім жүріп үйреніп кеттім. Барлық ұсақ-түйек шаруасына, ұйымдастыру жұмыстарына өзім араласамын. Әрине, негізгі шешімдер ата-анамнан болады. Бірақ күнделікті өзім бас-көз болып, ұжыммен сөйлесіп, басқарамын. Мейрамхана мәзірінде 66-дан астам тағам түрі бар. Қазақ мәзірі, қазақ асханасы өте бай. Біз білмейтін мыңдаған тағам түрі бар. Оның бәрін түрлі этнографтар, ғалымдар зерттеген. Ал біздің мәзірде 66-дан астам тағам түрі бар. Жақында 30-ға жуық тағам түрін қосамыз, - деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Стамбулда жеке ән кешін өткізгені жайлы жазған болатынбыз. Сондай-ақ туған күніндегі тосынсыйларды да бөліскен едік.