18 жерден пышақтаған: әйелін өлтірген ер адам 10 миллион төлеуге міндеттелді
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 шілде, 2024
- 677
Алматы қаласы №2 Алмалы аудандық соты экс-күйеуінің қолынан қаза тапқан заңгер Айман Асанованың ағасына моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы шешім шығарды. Бұл туралы 11 шілдеде Жоғарғы соттың баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Адырна» сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның ағасы қарындасының өлімі оған және барлық жақынына ауыр қайғы-қасірет әкелгенін мәлімдеді. Айтуынша, әжесі мен әкесі уайым-қайғының салдарынан қайтыс болған. Ол отбасына келтірілген моральдық зиянды 50 млн. теңгеге бағалады.
Жауапкердің өкілі қойылған талапты мойындамай, әйелдің өліміне кінәлі адамға қылмысы үшін жаза қолданылғанын – оның 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын және қойылған талапта көрсетілген соманың қолында жоқ екенін атап көрсетті.
Сот қойылған талапты ішінара қанағаттандырды. Парасаттылық пен әділдік талаптарын басшылыққа ала отырып, талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 10 млн. теңге өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2022 жылдың 8 қазанында түнгі 23:00 шамасында заңгер Айман Асановаға шабуыл жасалған еді. Әйел түрлі пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, 12 қазанда көз жұмды. Қайғылы оқиға болардан 4 күн бұрын оның бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаев «мүлікті бөлісуді талқылауға» келген. Экс-жұбайлар арасында дау туып, ер адам Асанованы 18 жерінен пышақтап тастаған.