Павлодар облысында әпкесі мен інісі зорланды: анасы қызының сөзіне сенбеген
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 қараша, 2024
- 138
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов балаларға зорлық-зомбылық көрсетілген оқиғаларға тоқтады. Соның ішінде Майқайыңдағы қыз зорлық-зомбылық туралы анасына айтқанымен, оған құлақ аспағаны туралы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сөзінше, 2023 жылы облыс бойынша балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен 30 оқиға тіркелген. Соның 25-і отбасында кездескен.
Байханов бұл істердің жартысына жуығы өткен жылдарға – 2017-2021 жылдарға қатысты екенін атап өтті.
Майқайыңдағы нақты жағдайда екі жыл бұрын қыз анасы мен әкесіне зорлық-зомбылық туралы айтқанымен, ата-анасы ешқандай шара қолданбаған. Әкім мұндай жағдайлар үлкендердің салғырттығынан орын алатынына өкінішін білдірді. Ол барша азаматтарды белсенді азаматтық ұстанымға шақырды.
«Қыз анасы және өгей әкесімен бірге тұрған. Өзінің туған әкесіне айтқан. Ата-анасына екі жыл бұрын айтқан, бірақ екекуі де ешқандай шара қолданбаған. Ешқайда хабарласпаған, тіпті қыздың сөзінің анық-қанығын білуге тырыспаған. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар орын алады. Балалар мұндай жағдайларды айтуға қорықпауы керек. Зорлық-зомбылықтың алдын алуда мемлекеттік органдар мен қоғамның бірігіп жұмыс істеуі маңызды», - деп қосты әкім.