Қазақстанда енді кез келген адам баспана кезегіне тұра алады
- автор Томирис Тоныкөк
- 26 қараша, 2024
- 214
Енді елімізде ешбір санатқа кірмейтін азаматтар да баспана кезегіне тұра алады, деп хабарлады KYN.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz. сайтына сілтеме жасап.
Енді кез келген қазақстандықтың мемлекеттен тұрғын үй алуға мүмкіндігі болады. Ал Қазақстан азаматтарын үймен қамтамасыз ету құзырын Отбасы банк атқарады.
«Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, енді кәмелет жасына толған кез келген Қазақстан азаматы ешқандай санатқа кірмесе де баспана кезегіне тұра алады. Сонымен қатар бұндай өтінімдердің барлығы онлайн түрде жүзеге асатын болады. Сонымен қатар үйді бөлу кезінде жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар жандарға басымдық беріледі.
«Осы заң бойынша, ҚР азаматы, тек екі шартқа сәйкес келетін азаматы мемлекеттен бір рет тұрғын үйге кезегіне тұруға мүмкіндік алады. Демек, оның атында кейінгі бес жылда үй болмауы керек немесе тұрып жатқан үйі апатты деп танылса. Егер бұрынғы заңға сәйкес сіз кезекке тұру үшін жаңағы мекемеге барып өзіңіздің санатыңызды растап, одан кейін тағы бір жерге барып кезекке тұру керек болса енді бұның жаңа ережеде қажеті жоқ. Тек Отбасына банкіне келіп, тіркелсе болғаны», – деді «Отбасы банкі» ақ басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай.