Көлікті 5 минуттан артық қыздыратындарға айыппұл салынатыны рас па?: бұл ереже бұрыннан бары айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:46
- 54
Әлеуметтік желіде көлікті 5 минуттан астам уақыт қыздырған қазақстандық айыппұл арқалайды деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Ал бұл норма Қазақстанның жол қозғалысы ережелерінде 20 жылдан бері бар. Аталған талапты ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі өкілі Ақтоты Боранованың портал тілшісіне хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, (бұдан әрі – Жол жүрісі қағидалары) тұрақ дегеніміз – жолаушыларды отырғызу, түсіру немесе көлік құралына жүк тиеу, түсірумен байланысты емес себеппен көлік құралының қозғалысын бес минуттан астам уақытқа әдейі тоқтату.
Жол қозғалысы ережесінің 88-бабы 5-тармағына сәйкес, егер бұл тұрғындарға қолайсыздық туғызса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған автокөлік құралдарын қоюға тыйым салынады. Жол қозғалысы ережесінің 17-тарауының 122-бабы 4-тармағында да осындай талап бар.
"Бұл – жаңа норма емес, Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерінде 20 жылдан бері бар ереже. Сондықтан қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлік құралы бес минуттан астам бір орында қозғалмай тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық деп танылады. Сонымен қатар ішкі істер органдары бұл құқықбұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді", - дейді Ақтоты Боранова.
Сөз соңында ІІМ өкілі осы бап бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс азаматтардан арыз-шағымы келіп түскен және құқық бұзушылық белгілері болған кезде ғана қозғалатынын ескертті.