Берік Уәли мектептегі әлімжеттік бойынша істі егжей-тегжейлі тергеуді тапсырды
- автор Томирис Тоныкөк
- 26 ақпан, 2025
- 186

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңге байланысты жиын өткізді. Жиынға прокуратура, полиция департаменті, білім басқармасы басшылары және бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысқан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен жанжалға қатысқан төрт оқушыны арнайы мектепке жіберу ұсынылған. Сонымен қатар бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін олардың ата-аналарын ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берілген. Әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша оқушылардың заңды өкілдері жауапқа тартылған. Жәбірленушіге облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары көмек көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ Абай облысының білім басқармасы жанынан арнайы мониторингтік топ құрылған. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша мектеп басшылығының тәрбие және бақылау жұмысындағы жауапкершілігі қаралады.
Облыс әкімі жиын барысында мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін алдын алу жұмысын күшейтуді тапсырды.
"Облыстағы барлық мектеп қатаң бақылауда болуы тиіс. Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірге оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Өңірдегі мектептердің қауіп-қатер картасы жасалып, осындай жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет етуге арналған нақты іс-шаралар алгоритмі дайын болуы керек", - деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, облыс әкімі оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіп, жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырған.
Естеріңізге сала кетейік, 24 ақпанда желіде Семейде жасөспірімдер өзінің қатарласын аяусыз соққыға жыққан туралы видео тараған еді. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, оқиғаның барлық қатысушысы дереу анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілгенін мәлім етті.
Кейін Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Абай облысының әкімі Берік Уәлимен бірге кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін және Семейде жасөспірімдер соққыға жыққан оқушыға қатысты оқиғаны талқылағанын хабарлады.