Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Болашақ сәулетшілері" қорының негізін қалаушы Марат Әбиевке тағы үкім шықты

"Болашақ сәулетшілері" қорының негізін қалаушы Марат Әбиевке тағы үкім шықты
Сурет: kaztag.kz
Оның сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылды

2025 жылы 14 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен "Болашақ сәулетшілері" қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.

Марат Әбиев ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-тармағы (ұйымдасқан топты құру және басқару, сондай-ақ оған қатысу), 197-бабы 4-тармағының 1-тармақшасы (мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз өңдеу), 234-бабының 3-тармағының 2-тармақшасы (экономикалық контрабанда) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазым атқаруға тыйым салынып, қоғамдық бірлестіктерді құруға және басшылыққа алуға байланысты қызметпен 5 жыл мерзімге айналысу құқығынан айырумен тағайындалды.

Оның сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімі бойынша, айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, олардың контрабандалық жолмен алынған 6 миллиард теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленді.

Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары — Антон Новицкий, Жанібек Дарибаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметов — қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.

"2018-2022 жылдар аралығында аталған тұлғалар ұйымдасқан топ құрып, Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған "К-2" экологиялық класты дизель отынын өндірген. Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 миллиард теңгеге сатылды, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылды", - делінген хабарламада.

Атап өтсек, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс арқылы "Genesis" (немесе "Болашақ сәулетшілері") атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметі қаржыландырылған, оны құрып басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Марат Әбиев 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар