«Халық аш»: Астанада Қадір түнінде мешітке жиналған жұрт тегін тамаққа таласып қалды (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 28 наурыз, 2025
- 1.6k

Қадір түнінде Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің маңында тегін тамақ таратылды. Алайда халық мейрамхана таратқан тегін тамаққа таласқан. Бұл туралы видео желіде тарап кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әлеуметттік желіде тараған видеода көпшіліктің таласып-тармасып жатқаны байқалады. Жас балалар мен ересектердің тамақ тиелген көлікке қарай жүгіріп бара жатқанын көруге болады.
Желі қолданушылары тамаққа жүгіргендерді сынап жатыр.
“Халық аш”, “Бізде тегін ештеңе таратуға болмайды. Адамдар жануардан бетер болып кетеді”, “Осындай жағдай болмас үшін мұндай шаралар ұйымдастырмау керек”, “Аштан келгендей, үйлеріңде тамақ жоқ па? Жабайыларға ұқсап тап бергені несі?”, “Мешітке не үшін келгендерін ұмытып қалды ғой деймін” деп жазды олар.
Қадір түнінде мешітке жиналған адамдарға тегін тамақ таратқан “Miko” мейрамханасы екені белгілі болды. Басшысының айтуынша, тегін тамақ жыл сайын таратылады.