“Басынан аяғымен теуіп, бәкі пышағымен бірнеше рет соққы жасаған”: сотта прокурор оқиғаның қалай болғанын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 сәуір, 2025
- 151

Прокурор Ержан Құрақбаев Шерзат Полаттың ісі бойынша сотта айыптау актісін оқыған кезде оқиға қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kzсайтына сілтеме жасап.
Прокурордың айтуынша, сағат 00.42 минутта Шынасыл атты күдікті анасы мен әжесінің көзінше Шерзаттың жүрегіне пышақ сұғып алған. Шерзат Полат асфальтқа отырып қалған. Сәкиев Ғайыпбаевқа бөтелке лақтырған. Алайда бөтелке тимей қалған. Осыдан кейін Сәкиев Ғайыпбаевты жұдырықпен ұрған. Ал Азамат Тоқтаубаев пен Ілиясов ас пышақтарын Ғайыпбаевқа қарсы сермеген. Бірақ соңғысына пышақ тимеген. Күдіктілердің бірі Қаржаубай Нұрымовтың бетінен бөтелкемен ұрған. Оқиға орнына әжесі келген кезде оны Шынасыл итеріп құлатқан.
“Бишімбиева баласы Шерзаттың асфальтта отырғанын көріп, соған қарай бармақ болған кезде оның алдынан Шынасыл мен Ілиясов шығып, екі білегінен ұстап жібермей қойған. Содан кейін Ғайыпбаев Шерзаттың “Нұрқанат аға, маған бірдеңе сұғып алды” деген дауысын естіп, жүгіріп барып, жедел жәрдем шақыру үшін “скорый” деп айғайлай бастаған. Осыдан кейін Әскентай, Тоқтаубаев Нұрбол, Белғожаев, Ілиясов, Шынасыл Шота Руставели көшесінің бойында отырған Ғайыпбаев пен Полатқа қарай барған. Сол сәтте Бишімбиева Полатқа бірінші болып жетіп, құшақтап алған. Белғожаев Полаттың басынан аяғымен теуіп, жиналмалы бәкі пышағымен Шерзаттың басынан бірнеше рет соққы жасаған. Ал Ілиясов сол жерде 16 калибрлі мылтықты жерден алып, аталған мылтықтың сабымен Полаттың басынан бір мәрте соққы жасаған. Аталған соққы анасының оң жақ қолына тиген. Мұнымен шектелмей Ілиясов өзінің әрекеттерін жалғастырып, мылтықтың сабымен Ғайыпбаевтың басынан бірнеше рет соққы жасаған. Осы уақытта Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Ілиясов, Белғожаев, Тәкиев, Шынасыл қолдарымен және аяқтарымен жерде жатқан Ғайыпбаев пен Полатты ұрып соққан. Сол уақытта Шынасыл Ғайыпбаевқа пышақпен дене жарақаттарын келтірген. Шынасыл қоңыр түсті ас пышағымен Ғайыпбаевтың жамбас тұсынан бір рет сұғып алған. Сәкиев тергеумен анықталмаған пышақпен Ғайыпбаевтың иық тұсына екі рет сұғып алған. Салдарынан Ғайыпбаев сол жерде есінен танып қалған. Шынасыл мен Сәкиев Ғайыпбаевты өлтіргендеріне көзі жеткен. Алайда Ғайыпбаев тірі қалған”, – дейді прокурор.