Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Алматыда 46 жастағы әйел дәрі салдырғаннан кейін комаға түсіп қалды

Алматыда 46 жастағы әйел дәрі салдырғаннан кейін комаға түсіп қалды
Сурет: zdravkolpino.ru
Дәріден кейін комаға түсіп қалған алматылық әйелдің күйеуі оның жағдайына дәрігерлерді кінәлайды

Алматыда 46 жастағы әйел Жас Қанат шағын ауданындағы №28 емханада дәрі салдырғаннан кейін комаға түсіп қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Inform.kz порталына сілтеме жасап. 

Комаға түскен Тоғжан Әжібекованың күйеуі Арсен Дүйсенбеков әйелінің осындай жағдайға түсуі дәрігерлердің салғырттығының салдары деп отыр. 

“Әйелім бірнеше күн жөтеліп, №28 емханаға барып қаралды. Біз Жас Қанатта пәтер жалдап тұрамыз, сондықтан осы емханаға бекітілген. Осыдан кейін дәрігерлер оны күндізгі стационарға тамызғышпен дәрі алу үшін жіберген. Оған нақты қандай препарат енгізілгенін біз білмейміз. Мейіргерлер препаратқа аллергиясы бар-жоғын тексермей, ешқандай сынама жасамастан дәрі салды”, – деді Арсен Дюсенбеков.

Оның айтуынша, сол дәріден кейін әйелінің жағдайы нашарлап кеткен. Жедел жәрдем әйелді шұғыл ауруханаға жеткізген.

“Емханада дәрігерлер дер кезінде медициналық көмек көрсете алмады. Бізге ол клиникалық өлімді бастан өткергенін айтты. Салдарынан 3 маусымнан бастап ол комаға түсіп қалды. Әлі есін жиған жоқ. Қазір жұбайым №4 ауруханада жатыр. Жағдайы ауыр. Ол қазір жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Кеше, 8 маусымда, оның туған күні болды. Ол 46 жасқа толды. Біздің екі кішкентай баламыз бар: үлкені 4 жаста, кішісі 2 жаста, – деді Арсен Дүйсенбеков.

№28 қалалық емхана болған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

“Науқаста препараттың өзіне емес, сынамасына жедел аллергиялық реакция (анафилаксиялық шок) болғанын атап өткен жөн. Сынама клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізілді және дәл сол сынамаға реакция пайда болды. Медицина қызметкерлері оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін, бекітілген стандарттарға сай шұғыл көмек көрсетті”, – деп хабарлады емхана өкілдері.

Емхана қызметкерлері  науқастың медициналық процедуралар жүргізуге алдын ала ақпараттандырылған келісімге қол қойғанын түсіндірді.

“Ол дәрі-дәрмектерге аллергиясы бар екенін көрсетпеген. Бұл медициналық қызметкерлердің қауіп-қатерді алдын ала бағалау мүмкіндігін шектеді. Емхана пациенттің жақын туыстарымен байланыста және оқиға болған күні-ақ оның жағдайы туралы ақпарат берілді. Мекеме диалогқа ашық әрі барлық қажетті ақпаратты туыстарына да, уәкілетті мемлекеттік органдарға да қолданыстағы заңнама аясында ұсынды, – деп мәлімдеді емханадағылар.

Сондай-ақ емханада құқық қорғау және қадағалаушы органдармен белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Зардап шеккен науқастың жұбайы Арсен Дүйсенбеков полицияға арыз түсірді. Алматы қаласы полиция департаменті аталған жайт бойынша тергеу басталғанын растады.

“Түрксіб ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімі аталған факті бойынша тергеп-тексеруді бастады. Іс материалы Алматы қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жолданды. Егер олардың қорытындысы бойынша дәрігерлік қателік анықталса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі”, – деп түсіндірді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар