“Халықты кінәлі етудің, ақымақ қылудың қажеті жоқ”: белгілі заңгер Наркенже Серікбаеваның әрекетіне ашуланды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:34
- 89

Белгілі адвокат Ләззат Ахатова дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаеваға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Ол халыққа “екіжүзді” деп кінә тағудың қажеті жоқ екенін айтты.
«Өздері бүкіл проблемасын елге жариялап алып, артынан “екіжүзді” деп, халықты кінәлі етудің, ақымақ қылудың қажеті жоқ. Елдің еш кінәсі жоқ. Көзінің жасы көл болған қазақтың қызын жұбатқысы келді, арына араша болғысы келді. Бір күн өтпей, бастығы екеуі түк болмағандай, видео үндеу жасауы — жанашыр болған елді мазақ қылғандай көрініс болды.
Екіжүзділіктен де, әртістіктен де шаршаған халыққа пәлен-түген деп, әңгіме айтқанды доғару керек. Болмаса, “кінәсін біліп, кешірім сұрады. “Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш” деген, ашуды ақылға жеңдіріп, кешірдім” деп, елге алдымен түсіндірсе де, болмас па еді, видеодан бұрын?.. Бәлкім дәл мұндай реакция болмас еді, сонда. Әйтпесе кімнің кімде не шаруасы бар?
Бәріміз харрасментке ұшыраған қыз-келіншектерді қос қолдап, қолдаймыз. Әрине, кешегі филармонияның басшысы сияқты нәпсіқұмар бастықсымақтарға Наркенженің әрекеті-үлкен сабақ болды. Ондай залымдар бұрыннан болған, бола да береді. Өйткені бұл өмір. Адамның бәрі бірдей емес. Ықылым заманнан бері — жақсы мен жаманы аралас әлем. Ештеңе өзгерген жоқ”, - дейді адвокат.
Айтуынша, бастық пен қызметкер де заң бұзушылық танытып отыр. Себебі, әнші жұмысқа толық келмей жүрген, ал оған бастығы толық жалақы төлеп отырған.
“Тек ондай пасықтарға жем болмас үшін, әркім өз артын тазалап жүру керек. “Жылына 20-ақ рет жұмыста болған, жұмысқа келмейді, үнемі тойда жүреді”-деген айыптау, яғни 360 күннің 20 күнінде ғана жұмыс орнында болу деген — Еңбек Кодексінің талаптарын өрескел бұзу болып табылады. Ондай қызметкерге жыл он екі ай жалақы төлеу де — заң бұзушылық, шындап келгенде. Сол әңгімені болдырмау үшін, адам алдымен өзі бекітілген талапқа бағыну керек. Өйткені кемшілігі бар адамды дегеніне көндіру — оңай”, — деп жазды адвокат.
Айта кетейік, әнші Наркенже Серікбаева өзі жұмыс істейтін орындағы басшылықтың қысымына ұшығарағанын айтып, видео жариялаған болатын. Артынша бастығына кешірім бергенін айтып, халықтан болған жағдайды пры қарай өршітпеуді өтінді.