Теолог: жасөспірімдер түрлі ағым жетегінде кетпес үшін ұлттық тәрбие мықты болуы керек
- автор kyn.kz
- 22 шілде, 2025
- 62

Дінтанушы ұстаз мектеп жасындағы баласы бар ата-аналарға перзенттерін қауіпті жолдан шығарудың емес, сол жолға бас сұқтырмаудың әрекетін жасауды ұсынды. Маман отбасылық тәрбие көшедегі арандату, үгіт-насихаттан айтарлықтай мықты, сенімді болуы керектігін атап өтті. Сөзінше қазір жастарды түзу жолдан шығаратын мәселелер көп. Әлсіз жастар темекі, ішімдік, есірткі, алаяқтық, ұрлық, ақыр соңында қауіпті қылмыстар арқылы қалағанына қол жеткізудің төте жолына тез түседі. Ең соңғысы жазаланған тұста ғана есін жинап, жаңылғанын ұғатындар көп екен. Дін маманы көпшілікке өз тәжірибесінен алған білімімен бөлісті.
KYN.KZ: Діни экстремизмнің алдын алу үшін ең бірінші кезекте не істеу керек?
Мұхит Тоқтасын: Діни экстремизмнің алдын алу үшін бірінші кезекте ұлттық тәрбиеге бекем болуымыз керек. Жас баланы, жас жеткіншектерді тәрбиелеген кезде ең алдымен олардың санасына ұлттық құндылықтарымызды, этно-педагогикалық өнімдерімізді үйретуді, баулуды жолға қою керекпіз деп есептеймін. Ең біріншісі мәселе – баланың рухының қорғанышы, баланының жанының қорғанышы өте мықты болу керек. Сол кезде уағыздарды тыңдаса да, экстремистік ағымның сөзін еститін болса да, ол құндылықтардың барлығын жоққа шығарып, өзінің басын өзі алып жүре алады. Сондықтан бірінші кезекте мектепте болсын, жоғары оқу орындарында болсын жастарға өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрлі құндылықтарымызды насихаттауды әбден жолға қою керек. Одан кейін ақпараттық жұмыстар көп жүргізілу керек.
Экстремистік ағымдардың зиянын қандай, олар адамның санасын қалай улайтындығы жөнінде, олардың адамның өмірін қалай құртатыны, адамның жалпы потенциалын жоятыны туралы нақты фактілермен, дәлелдермен берілетін ақпараттық жұмыстар өте көп жүргізілу керек. Сондай-ақ, діни экстремизм әрекетіне барынша тыйым салуды жүзеге асыру керек. Яғни, оған белсенді түрде әрекет керек деп ойлаймын. Ол үшін сүзгіден өткізіп, әрбір діни жамағаттың, діни бірлестіктің айтқан медиа контентін сараптамадан өткізіп, оның барлығын тексеріп отырған дұрыс деп есептеймін. Сол кезде бұл діни экстремизм әрекеттерін болдырмауға, тежеуге, Қазақстан аумағында олардың әрекет ететіндей мүмкіндігінің болмауына үлес қосуға болады. Қоғам болып ондай жамағаттарды "қысымға" алатын болсақ өздері-ақ тұншығады. Саналы, діңгегі мықты ұрпақ алдына келген әр адамның сөзіне еріп, айтқанына көнбейді. Мәселе осыда. Ұлттық Бюро Статистикасы жариялағандай, 2023 жылы 122 адам экстремизм мен терроризм бойынша сотқа тартылды (2022 – 124), бұл 1,6 % азайғаны. 2022–2023 жылдарда 208 қылмыс тіркелген. Одан бөлек: 41 адам терроризмді насихаттаумен айналысқан, 24 адам — ұйымға қатысу/ұйымдастыру, 23 адам — әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздық қоздырған.
KYN.KZ: Теріс ағымның жетегіне ересектер де орта жаста, зейнет жасында түсіп кетеді. Оның себебі неде?
Мұхит Тоқтасын: Біз адамның жасына қарап сыйлау, адам жасына сай білімді деген ұғымды ғылым мен тәжірибе көтермейтінін айтуымыз керек. Қазақта "көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра" деген әдемі сөз бар. Бұл жерде де солай. 15 жастағы бала білімді, ақпараттық тұрғыда "қаруланған" болса оны өтірікке сендіру қиын. Ал сәйкесінше 60 жастағы адам шектеліп, өмірін қоғаммен байланыстырмай сүрген болса, әлі ертегі мен сиқырға сенетін болса оны алдап түсіру оңай. Сол үшін адам қанша өмір сүрсе сонша ізденісте болуы шарт. Ересектер қауіпті ағымға түсіп кетсе ол да қасірет. Ол жастардың миын, түсінігін, өмірге көзқарасына зиянын тигізеді. Жастар қауіпті ағымға түссе оларда күш-қуат тасып тұр. Олар да айналасын улайды. Сол себепті теріс жол жас талғамайды. Бастысы психологиясы мен сөзінде, ісі- әрекетінде өзгерісі бар адамды жақындары байқауы керек. Оған көмек қолын созу үшін мамандармен сөйлесіп, кеңескен жөн.