
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мағжан Ілиясов Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Мағжан Жанботаұлы Ілиясов Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Исландиядағы, Ирландиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды", - делінген хабарламада.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Мағжан Ілиясов 1996 жылы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетін тәмамдаған. Сондай-ақ дипломаттарға арналған оқу курстарын, Гаагадағы Клингендал халықаралық қатынастар институтын бітірген. Одан бөлек Гарвард университеті Дж.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде оқып, мемлекеттік басқару магистрі атанған.