Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Көкшетаулық көпбалалы заңгер бүгінде мал бағып, сүт өнімінің жаңа ондаған түрін қазақстандықтарға ұсынып отыр

Көкшетаулық көпбалалы заңгер бүгінде мал бағып, сүт өнімінің жаңа ондаған түрін қазақстандықтарға ұсынып отыр
kyn.kz
Сымбат Бопанқызы ең дәмді сыр түрлерін қазақстандық нарыққа шығару үшін Италиядағы фермерлерге барып, үйреніп қайтқан.

«Ауылшаруашылығын несиелеу – шешімі табылмай жатқан мәселе»: сүт өнімдерінің неше түрін жасайтын көпбалалы ана кәсіптегі қиыншылықтарды айтты

Ақмола облысы, Тайтөбе ауылының тұрғыны Құрманбаева Сымбат Бопанқызы сүт өнімдерін жасайды. Кәсібін ұмыт қалған өнімдерден жасаудан бастаған кәсіпкер бүгінгі күні табысқа кенеліп отыр. Көпбалалы ана кәсіп бастаудың қыр-сырын KYN.KZ  тілшісіне айтып берді.

Үш қыз, екі ұлдың анасы Сымбат Бопанқызы 18 жыл сот саласы мен адвокаттық қызметте жұмыс істеген. Мамандығы заңгер ол басқа салаға бет бұруының себебін түсіндірді.

«Жолдасымның жылқыға деген қызығушылығы болғандықтан, оны қолдап, 2006 жылы отбасымызбен Астана қаласынан Ақмола облысы, Тайтөбе ауылына көшіп келдік. Жер телімін алып, үй салып, жеке қосалқы шаруашылық жүргіздік. Кейін, 2018 жылдан бастап, заңды түрде жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Кәсібімнің басты бағыты “Жылқы өсіру, қымыз өндіру”. Қосалқы кәсібім-балық өсіру болды. Алғашында 8 бас сауынды бие сатып алдық. Жыл сайынғы төлдерін қосып, кейін 25 басқа жеткіздік. Қазіргі таңда жылқы басы екі үйірге жетті», - дейді Сымбат ханым.

Бастапқы жылдары қымыз өндіріп, сатқан. Бірақ одан бөлек сүт өнімдерін қосуды жөн көрген.

«Қымызды сатуды қолға алғанда одан бөлек, тағы қандай өнім ұсынуға болатынын анықтау болды. Көп ойланбай, сиыр сүтінен өндірілетін өнімдерді қосуды шештім. Және олардың арасында қандай өнім жоғары сұранысқа ие екенін анықтадым. Соның нәтижесінде сатылымға шығарылатын ұлттық сүт өнімдерінің қатарына ұмытылып кеткен сарысу тәттісін, балқаймақ, кептірілген қызыл ірімшік, мәйек ірімшік, сары уызды қостым. Өнімдерді өндірумен қатар өз-өзімді дамытуды да қолға алдым. Әр бос сәтімді ізденіспен, оқумен өткіздім. Содан сұраныс артып, Қазақстан бойынша тапсырыстар түсе бастағандықтан, ірі қара малының басын да көбейтуге тура келді. Асыл тұқымды сүтті сиырлар сатып алдым. Ондағы үлкен мақсатым-сұранысы өте жоғары, сиыр сүтінен жасалынатын жас сырлар өндіру болды», - дейді кәсіпкер.

Сымбат ханым, сыр өндірудің қыр-сырларын үйрене бастаған. Сөйтіп еш қоспасыз сүт өнімін жасап, оны халыққа ұсынған. Айтуынша, сұраныс өте көп. Еліміз бойынша барлық аймақтармен жұмыс істейді екен.

«Біз дүкен сөрелерінен жас, жұмсақ сырлардан тек Брынза, Сулугуни, Моцарелланы ғана кездестіреміз. Ал олардың қатарында тек қана табиғи сиыр сүтінен әзірленетін өте дәмді, формалары әр түрлі, сан алуан дәмдеуіштер қосуға болатын жас сырлар барын біреу білсе, біреу білмейді. Сол үшін көп ұзамай Италия еліндегі шағын фермаға барып, италияндық сыр өндірушінің шеберлік сабақтарын алдым. Сыр жасаудың қыр-сырын үйрену үшін оқып, ізденуді жалғастырып, ресейлік кәсіби мамандардан онлайн сабақтар алдым. Жаңа білім, жаңа тәжірибе-жаңа өнімдермен ұштасты. Жас сырлардың он шақты түрін өндіріске қостым. Оның арасында Халлуми, Пиццарелла, Маскарпонэ, Фета, Буратта, Моцарелла, Страчателла, Рикотта, Сулугуни, БелперКнолле бар. Менің басты мақсатым - жоғары сапалы, табиғи түрдегі, еш қоспасыз, таза сүт өнімдерін өндіру. Талғамы табиғи өнімге түскен тұтынушының қажеттілігін орындау», - дейді ол.

Қазіргі таңда күніне 150 литр сиыр сүті мен 80 литр бие сүтін өңдейді. Кәсібінің алға жылжуына әлеуметтік желілердегі Instagram, TikTok, You Tube парақшалары себеп болған.

«Кәсіп жүргізу барысында қиындықтар да кездесіп тұрады. Ең бастысы-логистика, тасымалдау жолы. Шаруашылықта тек табиғи, таза сүт өнімдері өндірілетіндіктен оның сақталу мерзімі қысқа болады. Шалғайдағы өңірлерге жіберу үшін арнайы тоңазытқыш құралдармен жабдықталған көлік қажет. Қажетімізді өтеу үшін жалға аламын. Оның құны өте жоғары. Тапқан табысымның 30 % Астана қаласына жеткізуге кететін шығын. Екінші мәселе-асыл тұқымды сүтті сиырлардың тапшылығы. Күніне кем дегенде 30л сүт беретін сиырлар жоқтың қасы. Бар болса, сүтті сиыр асыраған әлдеқайда тиімдірек болар еді», - дейді кәсіп жүргізудің қиындығымен бөліскен көпбалалы ана.

Сүт өнімдерінің түр-түрін жасап, оны халыққа ұсынып отырған Сымбат ханымнан көңілін көншітетін мәселе жайында да сұрай кеттік.

«Ауылшаруашылығын несиелеу дұрыс шешімі табылмай жатқан мәселе. Иә, шаруаларға несие үлестірудің әр түрлі бағдарламалары бар. Бірақ, жеңілдетілген несиеге келгенде оның сан қилы шарттарынан өтуге екінің бірінің жүйкесі шыдамайды. Сондықтан осы ниселеу жолының жеңіл түрі қарастырылғанын қалаймын», - дейді кәсіпкер ана.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар