«Лицензиясы бар ма, әлде дәрігер ме, кім біледі?»: елімізде қорғасынды онлайн құйып емдейтіндер көбейген
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:48
- 65
Әлеуметтік желіде “қашықтан емдеймін” деген жарнамадан көз сүрінеді. Тараздық емші Мирай Нұсқабаева бұл іспен 20 жылдан бері адамдарды қашықтан тіл көзден сақтап, жолын ашумен айналысады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Емші қазір офлайн да, онлайн да ем жүргізеді. Сөзінше, алғашында туыстарын қашықтан емдеп көрген. Кейін ауыр науқастар өздері іздеп, хабарласқан.
“Офлайн және онлайн ем жүргіземін. Нағыз емші екі жақтамай жүргізуі керек. Офлайн да онлайн да. Медицина біз бұл кісілерге ары қарай жәрдемдесе алмаймыз деген соң, маған олар хабарласты”, – дейді емші.
Емші онлайн тәсілдің де нәтижесі бар дейді. Алайда тұрғындардың бәрі бірдей бұған сене бермейді.
“Дұрыс емес қой ол. Олардың лицензиясы бар ма, әлде дәрігер ме, кім біледі?”, “Менің атам да емші болған. Барлығы үйге келіп, емін сол үйде жасайтын”, – дейді адамдар.
Діни басқарма өкілдері қазақта қорғасын құю дәстүрі болғанын жоққа шығармайды. Бірақ интернет арқылы “жол ашу”, “бойды тазалау” секілді әрекеттер шариғатқа сай емес дейді.
“Интернеттен көріп алып, “емдейміз”, “сиқырды табамыз”, “жол ашамыз” деген секілді қазақтың бар дәстүрін басқа бағытқа бұрып жіберген. Сондықтан қазақтың дәстүріндегі қорғасын құюмен қазіргі істеп жатқан бақсы-балгерлердің түсініксіз әрекеттерін шариғат құптамайды”, – дейді Діни Басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Этнографтардың айтуынша, қорғасын құю – ежелгі ғұрып дейді. Негізгі мақсаты – шошынған баланың қорқынышын басу болған.
“Көз тию мен суық тию ғой. Қалың киініп жүріп, сосын қамшымен дем салу арасында кейде жауырын қарау элементтері кездеседі. Ол қорғасын құйған кездегі құйылған қорғасынның бейнесін білдіреді. Содан қорқып, үркіп қалды деген тұжырымды білдіреді”, – дейді этнограф Жанболат Қазанбаев.




