Соңғы 15 жылда өсірілмеген: "Болашақ" бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы өседі
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:35
- 45
"Болашақ" бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы келер жылдан бастап өседі. Халықаралық бағдарламалар орталығы мамандықтардың санын қысқартып, есесіне, сол ақшаны стипендия есебіне бөлу оңтайлы қадам деген шешімге келіпті. Саланы бір сапырып, тәуелсіз аудит жүргізіп жатқан ғылым және жоғары білім министрлігі келесі жылға дейін қысқартылатын мамандықтар тізімі белгіленді деп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Талайдың шамшырағын жаққан «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттерге берілетін шәкіртақы соңғы 15 жылда өсірілмеген. Қит етсе, құны көкке самғайтын АҚШ долларының дәурені жүріп тұрған заманға аз уақыт емес. Білім алуға құрлық асқан «Болашақ» стипендианттарының бірі — Ламбриан Топузидис. Ол сол кездің өзінде бөлінген қаржыны там-тұмдап әзер жеткізгенін еске алды.
«Біз, мысалы, 2017 жылы осы академиялық тұрғыдағы білімді алып қарайтын болсақ, сол кездегі стипендиямыз 2000 шамасында, АҚШ доллары көлемінде стипендия төлейтін. Бірақ соның өзінде Қазақстаннан конвертацияны қосқанда, конвертациядан кейін, мысалы, бізге стипендия азырақ түсетін», - деді Ламбриан Топузидис, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендианты.
Қазақстан атынан білім алуға аттанған студенттерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Сабақтың күрделілігі тағы бар. Сондықтан қазақ жастары бірлесіп баспана жалдап, күнделікті ас-суға қаражат біріктіруге мәжбүр. Шәкіртақыны көтеретін уақыт жеткенімен, қаржы табу тетігі әлі қарастырылуда. Ең оңтайлысы — стипендиант санын қысқартып, оларға бөлінген қаржыны шәкіртақыға қосу.
«Стипендия алатындар санын қысқартып, үнемделген қаражатты қалған студенттердің шәкіртақысын көбейтуге бағыттау қарастырылуда. Әлем бойынша инфляция өсіп жатыр, әрі кейбір жағдайда біздің стипендианттар отбасымен бірге баратынын көріп отырмыз. Кейбір елде берілетін шәкіртақы жеткіліксіз болып жатады», - деді Абай Рахмет «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы төрағасының орынбасары.
Әр елдің инфляция ерекшеліктеріне сәйкес, қосылатын шәкіртақы көлемі 10-15 пайыз шамасында болмақ. Қысқартылатын мамандықтар жайында да сөз қозғау әлі ерте.
Соңғы уақытта "Болашаққа" қатысты аз сын айтылып жүрген жоқ. Мәжіліс мінберінен Бақытжан Базарбектің «Болашақ» бағдарламасын бай-манаптардың балалары мен туыстары май-шелпекке айналдырып, шетелде сауық-сайран құрғанын айтқан. Жоғары аудиитор палатасының да келтірген деректері сұмдық. Миллиардтар мақсатсыз жұмсалған. Сондықтан қазір тағы да тәуелсіз аудит жүріп жатыр.




