Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түркістан облысында дәрігерлер ине жұтып қойған 9 айлық сәби аман алып қалды

Түркістан облысында дәрігерлер ине жұтып қойған 9 айлық сәби аман алып қалды
Сурет: instagram.com/turkistandsb
Сәби абайсызда ине жұтып қойған.

Түркістан облысында дәрігерлер өңешінде ине тұрып қалған 9 айлық сәбиді аман алып қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі өңірлік денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның Instagram-дағы аккаунтында жарияланған мәліметке сүйенсек, Түркістан облыстық балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметі түнгі уақытта 9 айлық сәбиді шұғыл жеткізген.

Анықталғандай, сәби абайсызда ине жұтып қойған. Дәрігерлер дереу рентгенологиялық тексеру жүргізіп, бөгде заттың нақты орналасқан орнын анықтаған.

Түркістан облыстық балалар ауруханасының мамандары – хирург Мұқағали Темірбеков пен эндоскопист Бабыр Ырысқұлов өңеште тұрып қалған бөгде затты сәтті алып шыққан.

"Уақыт жоғалтпай, эндоскопиялық әдіс қолданылып, өңеште тұрып қалған ине сәтті түрде алынды. Медициналық көмектің жедел әрі кәсіби көрсетілуінің арқасында ықтимал асқынулардың алдын алу мүмкін болды", - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда сәбидің жағдайы жақсы. Сәби дәрігерлердің бақылауында болып, үйіне аман-есен шығарылған.

Мамандар ата-аналарға балалардың қолы жететін жерде ұсақ әрі өткір заттарды қалдырмауды ескертеді. Осындай жағдай болса, уақыт жоғалтпай, дереу медициналық көмекке жүгіну өте маңызды екенін еске салады.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар