"Бағалау әділетсіз": Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ-да 8-қабаттан құлап қаза тапқан 1-курс студентіне қатысты болжамдар айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 8 мамыр, 2026
- 151
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенті 8-қабаттан құлап, қаза тапты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қайғылы жағдай 6 мамыр күні таңғы сағат 09:00 шамасында болған. Марқұм мемлекеттік грант негізінде «Философия» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жүрген. Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде студенттер университеттегі қысым мен сессия кезіндегі талаптарға қатысты пікірлерін жазуда
Университеттің баспасөз қызметі студенттің осы уақытқа дейін психологиялық көмекке жүгінбегенін мәлімдеді.
«Университеттің Психологиялық қолдау қызметінің мәліметіне сәйкес, студент осы оқу жылы ішінде психологиялық көмекке жүгінбеген, мамандар қабылдауында болмаған. Оның психологиялық жай-күйіне қатысты қандай да бір шағымдар немесе алаңдаушылықтар тіркелмеген», – деп хабарлады оқу орны.
Алайда әлеуметтік желілерде студенттер оқытушылар тарапынан қысым болатынын айтып, анонимді түрде шағымданған.
«Кейбір мұғалімдер сабақта өз өмірбаянын айтып отырады. Сабаққа тұрақты қатыссаң да, бағалау әділетсіз болады. Неге екенін сұрасаң, “түріңді көп көрмеппін” дейді», – деп жазды студенттердің бірі.
Әлеуметтік желі қолданушысы Нұрым Сұлтанмұрат есімді студент суицидке сессия кезіндегі қысым себеп болуы мүмкін деген пікір білдірген. Оның айтуынша, кей студенттер орыс тілі пәні оқытушыларының талаптарына шағымданған.
«Аспаннан баға қоятын оқытушылар керек емес. Мүмкін студент сондай әділетсіздіктен құлаған шығар. Мұны университетке қатысы жоқ деп жаба салмау керек», – деп жазды тағы бір студент.
Университет әкімшілігі қайғылы жағдайға сессияның немесе оқытушылардың қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Оқытушылардың айтуынша, студенттің оқу үлгерімі жақсы болған, тәртібі бойынша ескертулер тіркелмеген. Кейбір ақпарат көздері таратқандай, оқиғаға сессияның ешқандай қатысы жоқ», – деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ оқу орны басшылығы марқұмның отбасымен кездесіп, көңіл айтып, жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері белгісіз. Аталған факті бойынша құзырлы органдар тексеру және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.




