Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Астана LRT-нің" бір жыл бұрын ұсталған бұрынғы басшысы әлі Түркияда

"Астана LRT-нің" бір жыл бұрын ұсталған бұрынғы басшысы әлі Түркияда
alrt.kz
Түркияда ұсталған «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан бір жылдан бері Қазақстанға экстрадицияланбаған.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан тарапы Арданды беру туралы сұрау салуды Түркияның Әділет министрлігіне 2019 жылы жолдаған. Кейін Түркияның құзырлы органдары оны халықаралық іздеу аясында іздестірген,деп жазды Tengrinews  сайты.

2025 жылдың мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Талғат Арданның Антальяда ұсталғанын хабарлаған еді. Сол жылдың 9 мамырында Анталья соты оны Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарған. Содан бері ол Түркияда қамауда отыр.

Алайда Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, түрік тарапы экстрадиция мәселесі бойынша әлі нақты шешім қабылдамаған. Қадағалау органының түсіндіруінше, Қазақстан мен Түркия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және адамдарды беру туралы 1995 жылғы келісімде мұндай өтінішті қараудың нақты мерзімі көрсетілмеген. Сондықтан сұрау салу Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.

Еске салсақ, 2023 жылдың мамырында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT ісі бойынша Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарған болатын. Олар бюджет қаражатын иемденіп, ысырап етті деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал 2024 жылдың қарашасында Талғат Арданға қатысты тағы бір үкім шықты. Сот оны лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп танып, бұрынғы жазамен бірге жалпы 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар