Көкшетауда әйел жалғызбасты ананы басып кетті: марқұмның ұлы нағашыларының қолында қалатын болды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:49
- 18
Көкшетауда көлік астында қалған марқұм әйелдің 12 жастағы жалғыз ұлы нағашыларының қолына баратын болды. Қаланың қорғаншы және қамқоршы органы баланың мүддесін, психологиялық және эмоционалдық жағдайы ескерілді деп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Кәмелетке толмаған бала әкесімен қалуға өз еркімен бас тартқан. Ата-анасы 2014 жылы ажырасыпты. Енді арнайы орган екі тараптың келісімімен, баланы нағашыларына қалдыру жайында шешім қабылдады. Ал көлік тізгінінде болған әйелдің екі баласы бар екен. Жүргізуші куәлігі де жоқ ол 9 мамыр күні 52 жастағы тұрғынды таптап өткен болатын.
Қазір әйел үйқамақта. Заң бойынша ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған темір тұлпарды жүргізуге бергені үшін жанында отырған күйеуі де тергеліп жатыр. Ол ҚР ҚК бойынша үш жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін.
«Кәмелетке толмаған баланың әкесі бар. Ата-ана құқығынан айырылмаған. Бірақ баланың өзінің де пікірі ескеріледі. Өйткені Отбасы кодексіне байланысты 10 жасқа толған баланың өз пікірі ескеріледі. Әкесі нотариалды түрде анасы жағынан туыстарына қорғаншы болу мақсатта өз келісімін берді», - дейді Ақмола облысы балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Ботакөз Дүйсенова.


