Tesla Cybertruck көліктері Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде кезекшілік атқарады
- автор kyn.kz
- Бүгін, 22:48
- 1
Бір электрлі пикапты Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметі қауіпсіздік күштерін басқару және үйлестіру үшін пайдаланса, екіншісі Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында болып, жедел әрекет етуге дайын күйге келтірілген.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Tesla Cybertruck көлігін алғаш рет күзетілетін тұлғалардың қатысуымен өтетін шараларда мобильді командалық-штабтық көлік ретінде қолданбақ. Электропикап бөлімшелердің жұмысын үйлестіруге, тұрақты байланысты қамтамасыз етуге және жаппай іс-шаралар кезінде жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Қызмет үшін оның жоғары мобильдігі, жол талғамайтын қабілеті және дыбыссыз қозғалысы маңызды артықшылықтардың бірі саналады. Көлік қала жағдайында да, таулы аймақтарда да тиімді жұмыс істей алады. Сонымен қатар, дрондарға, қорғалған байланыс жүйелеріне, есептеу техникасына және радиоэлектрондық күрес жүйелеріне қуат бере алады.
Tesla Cybertruck көлігі Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде де жеке бағытта қолданылып жатыр. Электропикап Алматының таулы аймақтарында және оған жақын аумақтарда жүргізілетін іздестіру-құтқару операцияларында пайдаланылуда. Бұл өңірлерде жыл сайын туристер мен альпинистердің саны көп тіркеледі. Саммит кезінде көлік төтенше қызметтердің жедел резервінде болады және қажет болған жағдайда құтқару әрі іздестіру жұмыстарына жұмылдырылады.
Құтқару кешені спутниктік интернетпен, тепловизоры бар кәсіби квадрокоптерлермен, арнайы байланыс құралдарымен, қорғалған есептеу техникасымен және автономды қуат көздерімен жабдықталған. Бұл төтенше жағдай аймағында құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің жұмысын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді.
ТЖМ үшін көліктің іштен жанатын қозғалтқышы бар техникаларға шектеу қойылған табиғатты қорғау аймақтарында пайдалануға жарамдылығы да маңызды фактор болған. Электр платформасын қолдану таулы өңірлердің экологиясына қосымша салмақ түсірмей, бөлімшелердің мобильдігін сақтауға мүмкіндік береді.
Tesla Cybertruck көліктерін пайдалану заманауи технологиялардың Қазақстанның мемлекеттік қызметтерінің жұмысына біртіндеп енгізіліп жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік күзет қызметі қауіпсіздік пен жедел үйлестіруге басымдық берсе, ТЖМ адамдарды құтқару және күрделі таулы аймақтарда жұмыс істеу үшін жаңа шешімдерді қолдануда.


