Талдықорғанда бір мектептің түлектері түгелдей білім грантын ұтып алды
- автор kyn.kz
- 15 тамыз, 2018
- 241
Алматы облысы бойынша осындай нәтиже көрсеткен 24 лицей ғана. Түгелдей бір мектептің түлектері грантқа түсіп отырған білім ордасының сыры неде екен?
Жас түлектер ұстаздарына деген ризашылығын білдіру мақсатында мектепке арнайы келіп отыр. Өйткені, жақында олардың кейбірі Астанаға аттанса, енді бірі Алматыға, тағы біреулері Қарағандыға жол тартады. Алда оларды қызыққа толы студенттік өмір күтіп тұр.
Әліби Қазиев ұлттық бірыңғай тестілеуден 112 балл жинап, грантқа ие болды. Сабағын өте жақсы оқумен қатар, республикалық пән олимпиадаларына қатысып жүріп жүлделі орындарға ие болғаны қаншама. Биология пәніне ықыласы ерекше жастың алдағы арманы – ғалым-микробиолог болу.
"Мамандығым биотехнология. Яғни өзімнің еліме, мемлекетіме болашақта үлесімді қосамын. Себебі биотехнология ол болашақ мамандықтардың бірі. Ол өте медицинамен тығыз байланысты", - дейді №24 лицейдің түлегі Әліби Қазиев.
Мемлекет бөліп отырған білім грантына мектеп-лицейдің 27 түлегі түгелдей ие болды. Шәкірттердің дені техникалық мамандықтарды таңдаған екен. Бұл облыстағы осындай нәтижеге жеткен жалғыз білім шаңырағы.
"2018 жылы облыстық деңгейде үздік олимпиадалық команда деген номинацияға ие болдық. 33 баламыз сол олимпиадаға атсалысып қатысып, 30-ы жаңағы бүкіл пәндерден жүлделі орын алды", - дейді №24 лицейдің директоры Мәрия Ғалиева.
Лицейде сабақ сегізінші сыныптан бастап 3 тілде – қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізіледі. Кейінгі 2 жылда оқытушылар физика, химия, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде жүргізіп, мүмкіндіктерінің мол екендіктерін аңғартқан.
Лицей ұжымының алдағы мақсаты – шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жаңа оқу жылында да жоғары табыстарға жету.