Сәбидің өлімі: Елордалық перхентханада тағы шу шықты
- автор kyn.kz
- 17 тамыз, 2018
- 204
Сәбиінен айырылып қалған Наталья Ярцева бірнеше күннен бері көз жасын тоқтата алмай жүр. Жас ана 8 тамыз күні асыға күткен баласынан айырылды. Қайғыдан қан жұтып отырған Натальяның айтуынша, дәрігерлер оған көмек көрсетудің орнына басқаларды ақшаға босандырудың қамымен жүріпті.
"Үшінші ультрадыбыстық зерттеу кезінде бала кіндігінде 2 артерияның орнына біреуі ғана болғаны анықталды. Бала жалғыз сонымен өсіп, дамыған. Бірақ дәрігерлер бұған бола уайымдамауға кеңес берді. Тіпті "сенде 38 апта, денсаулығың жақсы, босануға әлі ерте. 39 аптаға жетсін, асықпаңыз" деп сендірді", - дейді Наталья.
Бірақ келіншек баласының іште қозғалуы баяулап қалғанын айтып қанша жалынса да, ешкім саусағының ұшын да қимылдатпапты.
Содан Натальяның нәрестесі құрсақ ішінде шетінеп, жатырындағы өлі сәбиімен палатада тағы бір күн жатып қалған.
Тек ертесіне есін жиған дәрігерлер операция жасағанымен бәрі тым кеш еді. Натальяның күдігінше, ақ халаттылардың оған дерек көмек көрсетпеуіне 8-ші тамыз себеп.
Өйткені 8 сандары сәйкес келген күні босануға сұраныс көп болып, дәрігерлер еңбегін ақшаға сатқан көрінеді.
Соңғы айларда бұл перинаталдық орталық даудан көз ашар емес. Мұнда 3 әйел толғақ үстінде көз жұмған еді. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Израиль мамандары бұған дәрігерлердің кінәсі жоқ деген қортындыға келген.
Ал бұл сұмдық оқиға да осы сарында аяқталатын сияқты. Белгілісі, мән-жайды анықтауға арнайы комиссия іске кіріскен.
Баласын жер қойнына тапсырған Наталья Ярцева енді өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерді заңмен жазаламақ ойда. Тіпті Денсаулық сақтау министрлігі мен прокуратураға арызданып қойған. Қазір сараптаманың қортындысын күтіп отыр.