Жаңбыр жауып, арты қарға айналады: Алматы әкімдігі тұрғындарға ескерту жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 қараша, 2024
- 166
Алматыда қатты жаңбыр жауып, оның арты қарға ұласуы мүмкін. Осыған байланысты қала әкімдігі тұрғындарға ескерту жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматы қаласында 13 қараша түнде басталған жаңбыр 14 қараша таңға дейін жалғасады. Оның арты қарға ұласып, ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.
"Жолда кептеліс болу қаупіне байланысты қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды ұсынамыз. Жауын-шашын кезінде көктайғақ болуы мүмкін, сол себепті автокөлік жүргізушілерінен көлігіне қысқы шина салып, жылдамдықты асырмауды, арақашықтықты қатаң сақтауды, ал жаяу жүргіншілерден қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз", - делінген хабарда.
Әкімдік көктайғақтың алдын алу мақсатында 160 құмшашқыш техника кезекшілікке дайын екенін хабалады. 490 арнайы техника және 1,2 мыңға дейін жұмысшы жұмылдырылады. Аудандық әкімдіктерде жұмыс барысын қадағалау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.
"Қазгидромет" 13 қараша түн ортасынан таңға дейін аралас жауын-шашын күтілетінін болжады. Түнде ауа температурасы +2 градус, күндіз +5…+7 градус шамасында болады. 13 қараша түстен бастап 14 қараша таңға дейін орташа, кейде қатты жауын-шашын, түнде қар жауады. 14 қарашада түнде және күндіз ауа температурасы минус 1-3 градусқа дейін төмендейді.