Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Ми жұмысының белсенділігі артады»: Ораза ұстаудың 10 пайдасы

«Ми жұмысының белсенділігі артады»: Ораза ұстаудың 10 пайдасы
Сурет: islam.az
Оразаның тәртібі бойынша адам жылына бір ай толығымен ауыз бекітеді

Ауыз бекітудің адамның тәні мен жанына, рухани өміріне әсер ететін бірнеше пайдасы бар. Соның бірі оразадағы әр жан бойындағы жағымсыз мінездерден ғана арылып қоймай, жақсы ойлауды үйренеді екен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Аzan.kz порталында жарияланған  материалға сүйене отырып оразаның 10 пайдасын тізіп шықтық.

1.  Ораза  адамға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оның көмегімен мұсылман өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады. Ораза бізді сабырлы болуға, төзімділікке тәрбиелейді.

2. Ораза мұсылманның ерік күші мен шешімділігін күшейтіп, сабырлыққа үйретеді. Зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Адам асқазаны толы болғанда ұйқы қысады. Ал ұйқы адамды көп нәрседен мақұрым етеді. Адам қарны тоқ кезінде қабілеті де төмендейді екен. Аш құрсақ кезде адам миының белсенділігі артып, ақпаратты қабылдау деңгейі жақсарады.

3.  Ораза мұсылманға жүйелік пен тәртіпті үйретеді. Өйткені ауыз бекіту мен ауыз ашу белгілі уақытқа бағынады. Әр жылдың рамазан айында әр мұсылман әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың бір жүйені ұстанатынын, олардың бір дене екенін сезеді.

4.  Ораза мұсылманды айналасындағы аш адамдардың күйіне енгізіп, мұсылманның бойына мейірімділік, жанашырлық, бауырмашылық секілді сезімдерді оятып, пақырларға, жетімдерге және жесірлерге қарайласуға итереді.  

5. Ауыз бекіту – ас қорыту жүйесінің дем алуына мүмкіндік береді. Дегенмен адам организмі өзінің табиғи функцияларын атқарады және тамақ қорытуға арналған сөл әдеттегіден аз мөлшерден бөлінгенімен, сөл бөлу процесі қалыпты жағдайда өз қызметін атқара береді. Бұл адамның сөл бөлу жүйесін жақсартып, бір қалыпқа түсіреді. 

6.  Ораза мұсылманның ағзаларындағы артық және улы нәрселерді қуып шығарып, жаңартады және асқазанына демалыс береді. Сондай-ақ ауыз бекіту кезінде дұрыс тамақтанып, артық тағамнан бас тартатын болса, бұл организмнің иммунитетін күшейтеді. 

7. Ораза – адам организміндегі қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюшы қызметін атқарады. Оразаның тәртібі бойынша адам жылына бір ай толығымен ауыз бекітеді. Күніне кем дегенде 14 сағат жеп-ішуден тыйылып, одан кейін бірнеше сағатқа ауызын ашып әл жинап алу қажет. Бұл – адам ағзасындағы жасуларды жандандырып, керек еместерін жою процесіне қажет уақытқа дәлме-дәл келеді. 

8. Ораза – сондай-ақ нәпсімен күресу. Адамның табиғатына сай жағымсыз қасиеттердің ең зияндылары – қарын тойдыру мен жыныстық құмарлықтары. Ораза мұсылманға ең алдымен, осы екеуімен күресуге дағдыландырады. 

9. Бір ай бойы нәпсісімен күресіп, бірте-бірте нәпсісін толық билеуге ұмтылады. Рамазан айының оразасы мұсылманды осы күресті нығайтуға жетелейді. Күрестің алдында нәпсісі оның билеушісі болған болса, енді, әрине, оразаның талаптарына  сабырлық танытса, ол нәпсісі мен құмарының әміршісіне айналады.

10. Құмарлық күші үздіксіз тәрбиені қажет етеді. Сол себептен рамазан оразасының бір айға созылуы тәрбиенің үздіксіз жалғасуын білдіреді. Оразаның нәтижесінде мұсылманның жамандыққа бұйырушы нәпсісі басылып, тыйылады және жуасиды. Сондай-ақ көру, есту, сөйлеу мүшелеріне жаман әсері тоқтайды. 

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар